АҚШ Украинадан Қырым түбегін аннексиялау мен Донбастағы қақтығыстарға тікелей және жанама қатысы бар ресейлік тағы 14 азамат пен 20 шақты банк, компания мен кәсіпорынға санкция салды. Бұл жолы санкцияға ілінгендер қатарында "Сбербанк" пен ВТБ банктің Қазақстандағы еншілес банктері де бар, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
АҚШ қаржы министрлігінің 22 желтоқсанда хабарлауынша, санкция салынғандар тізіміне өз-өздерін жариялап алған Донецк және Луганск "халық республикаларының" шенеуніктері, Ресей президенті Владимир Путинмен жақын байланысы бар ресейлік бизнесмендерге қатысты бірнеше компания енгізілген.
Санкция салынған компаниялар арасында ВТБ-24 банкі, ВТБ мен "Сбербанктің" аймақтағы және шетелдегі, оның ішінде Қазақстандағы еншілес банктері, "Сбербанктің" автоматтандырылған сауда-саттық жүйесі, "Сбербанктің" мемлекеттік емес зейнетақы жүйесі, "Яндекс.деньги" жүйесі, "Рособоронэкспорт" холдингі, "Сбенбанктің Швейцариядағы өкілдігі, "Вертолеты России" кәсіпорны және тағы бірнеше зауыт пен кәсіпорын бар.
Бұған қоса Укрананың бұрынғы жоғары шенді бірнеше шенеунігіне, оның ішінде бұрынғы ішкі істер министрі Виталий Захарченкоға санкция салынған. АҚШ қаржы министрлігі Захарченко 2014 жылы Еуромайдан акциялары кезінде ішкі істер министрі ретінде полицияға шерушілерге оқ атуды бұйырған дейді.
АҚШ пен Еуропа Одағы 2014 жылы шілдеде Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткені үшін Ресейдің қаржы, энергетика, қорғаныс саласына қатысты санкциялар салған. Санкцияға ілінген ресейлік шенеуніктердің активтері бұғауланып, виза беруден бас тартылады. Ал санкция салынған компаниялармен сауда және қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынған.