Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 қараша күні шамамен сағат 9.30-да «Бекіре» профилактикалық іс-шарасы аясында балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Баймұханов көшесінде «Лада Гранта» көлігін тоқтатты, деп жазады atpress.kz.
32 жасар исатайлық жүргізушінің автокөлігін тексеру кезінде жүксалғышта 45 дана бекіре тұқымдас балық табылды, оның жалпы салмағы 120 кг 600 граммды құрады. Тексеру кезінде жүргізушіде балықтың тиісті құжаттары жоқ екені анықталды. Сонымен бірге, ұсталған адамның өзі балықты тапқанын түсіндірді.Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ, жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері ұсталған көліктің жүргізушісінің үйінің ауласында «байда» түріндегі жүзу қайығын тапты.