10.11.2019, 20:00

«Біздің халық ауруханаларға барып, әуреге түскісі келмейді»: Елімізде жыл сайын 49 мың адам инсульт алады

Фото: pravoslavie.ru
Адам өзін нашар сезінеді, талып құлап қалуы мүмкін, сондай-ақ есін жоғалта бастайды. Ал ишемиялық инсульт кезінде адамның жағдайы біртіндеп нашарлайды, оның қол-аяғы жансыздана бастайды

Қазақстанда жыл сайын 49 мың инсульт алу оқиғасы тіркеледі. Оның 80 пайызға жуығы мүгедек болып қалады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне №7 қалалық клиникалық аурухана инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Жанна Дүйсембаева айтты, деп хабарлайды "KazInform" Халықаралық ақпарат агенттігі

«Инсульт – ми қан айналымының жіті бұзылуы. Ол кенеттен пайда болады. Инсульттің 2 түрі бар: біріншісі – ми инфаркты (ишемиялық инсульт) және екіншісі – қан қысымының жоғарылауы салдарынан болатын миға қан құйылу», - деп атап өтті ол.

Дәрігер миға қан құйылу кенеттен пайда болса, онда адамның қан қысымы күрт көтеріледі, тамыры үзілетінін түсіндірді.

«Адам өзін нашар сезінеді, талып құлап қалуы мүмкін, сондай-ақ есін жоғалта бастайды. Ал ишемиялық инсульт кезінде адамның жағдайы біртіндеп нашарлайды, оның қол-аяғы жансыздана бастайды», - дейді Жанна Дүйсембаева.

Дәрігердің айтуынша, мұндай жағдайларда науқастар дереу дәрігерге қаралуы керек.

«Өкінішке орай, клиникаларға кеш барып жатады. Біздің халық ауруханаларға барып, әуреге түскісі келмейді. Инсульт алғанда бірден жедел жәрдем шақыру қажет. Тіпті, берілген дәрі-дәрмектерді толығымен ішпейтін инсульт алған есепте тұрған науқастарымыз да бар», - дейді дәрігер.

Жанна Дүйсембаева бүгінгі күнде Қазақстанда 57 инсульт орталығы бар екенін атап өтті. «Гипертониялық аурумен ауыратын адамдар қан қысымы бар-жоғына қарамастан, дәрігерлер берген дәрі-дәрмектерді күн сайын ішіп отыруы керек. Негізінен, науқастар денсаулықтары қалыпты жағдайға келген кезде дәрі ішуді тоқтатады. Алайда қан қысымы кез-келген уақытта кенеттен көтерілуі мүмкін. Дәрігердің белгілеп берген ем-шараларын уақытында қабылдап отыруы қажет», - деді ол.

Бұл аурудан көбінесе 60 жастан асқан егде жастағы адамдар зардап шегеді, бірақ инсульт жастар арасында да кездеседі.

Оның айтуынша, адамдар бірінші кезекте салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, инсульттің ғана емес, басқа да аурулардың алдын алу үшін зиянды әдеттерден бас тартуы керек.

 

Тегтер: инсульт