$ 449.58  486.94  4.86

«Бомбалардың ортасында қалдық»: Сириядан мүгедек боп оралған жігіт көрген сұмдығын баяндады (ВИДЕО)

«Бейімделу лагеріне» жіберген, онда күн сайын физикалық дайындық жасап, қару қолдану және ұрыс жүргізу тактикаларын үйреткен.

Ермұхан Айыпқалиев осыдан 5 жыл бұрын Сирияға аттанып, елге мүгедек болып оралған. Ол жаққа соғысу үшін емес, өмір сүру үшін барғанын айтады. Бұл туралы ол Adil ukim YouTube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Тengrinews.kz тілшісі Ермұханның Сириядағы өмірі жайлы баяндаған сұхбатын ұсынады.

 Ермұхан Айыпқалиев - Атырау облысының тумасы, көпбалалы отбасыда өскен. Үйде балалардың тұңғышы. Орта білімі бар. 2014 жылы халифат құрамында соғысуға аттанған. ДАИШ террористік ұйымының миссионерлері мен үгіттеушілері сол жақтан «жердегі жұмақты» жасауға уәде берген. Бірақ, ДАИШ мүлде басқа ұйым болып шыққан.

«Ислам мемлекеті» жайлы бейнероликтер қарап, алданып кеттік. Мен ол жаққа соғыс үшін емес, Ислам мемлекетінде өмір сүру үшін бардым. Ол жақта күтіп алатын арнайы адамдар бар. Сосын қолыңа қару беріледі. Онда «қару алмаймын, ұстамаймын» деген жоқ», - дейді Айыпқалиев. 

Ермұхан Сирияға жеткен кезде одан құжаттарын жинап алған. Кейін оны «Бейімделу лагеріне» жіберген, онда күн сайын физикалық дайындық жасап, қару қолдану және ұрыс жүргізу тактикаларын үйреткен. Бірақ, Ермұхан кезекті ұрыстардың бірінде ауыр жарақат алған. «Біз жаққа бомбалар лақтырып жатты, біз ортасында қалып қойдық. Бомба жарылған кезде омыртқа жағыма жарықшақтар тиді», - дейді ол.

Сол жарылыстан соң Айыпқалиев 1-топтағы мүгедек болып қалған. Бірақ, сол мүгедектігі өмірін құтқарып қалғанын айтады.

«Сол кезде қасымда досым болған. Қазақстанға қайтудың жолын іздегенбіз. Оны ИГИЛ-дің адамдары біліп қойды. Сөйтіп, досымды өлтіріп тастады. Мынадай жағдайда менің оларға керегім болмады деп ойлаймын. Егер аяғым сау болса, мені де өлтіріп тастар еді», - деп топшылайды Айыпқалиев.

Ол күрдтердің қолына тұтқынға түсіп, кейін «Жусан» арнайы операциясы аясында елге оралған. Террористік ұйымға қосылғаны үшін ол 8 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

«Өкінемін. Адам болған соң, қателеседі. Бірақ, біз оны кеш түсіндік. Бұған дейін де қайтқым келген, жол болмады. Келгім келмесе, сол жақта қалар едім», - дейді Ермұхан Айыпқалиев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары