12.11.2019, 09:45

Жамбылдықтар қаңғыбас иттерді атар-атпасын білмей дал

фото: mangystaumedia.kz
Ит бағудан шаршап, әбден мезі болған соң осында әкеліп тастайды.

Әлеуметтік желілерде қару асынған ит аулағыш бригада қызметкерлерінің әрекеті қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі иттерді ату дұрыс десе, енді бірі обал санайды. Алайда, мамандар әзірге тентіреген төрт аяқтылардан құтылудың жолы осы деп отыр. Тараздағы қаңғыбас иттерге Ирина Келлер деген әйел пана болып жүр. Ол иесіз иттерді жинап, арнайы қорада бағады. Айтуынша, оларды тамақтандырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тұрғындар көмектесетін көрінеді.

«Бұл иттердің тең жартысының қожайыны болған деп айта аламын. Ит бағудан шаршап, әбден мез болған соң осында әкеліп тастайды. Тіпті, кейбіреуінің құжаты бар. Оларға өзіміз қараймыз. Күтіп-баптауға кейде волонтерлар жәрдем береді», - дейді жануарларды қорғау жөніндегі қоғамдық қордың жетекшісі Ирина Келлер.

Қазір мұнда 600 ит пен 200-ге тарта мысық паналайды. Итқора қожайынының айтуынша, олар мүмкіндігінше дәріленіп, екпе жасалатын көрінеді. «Бірақ, бәрін бірдей толық қамтуға мүмкіндік жоқ», – дейді ол. 

Дегенмен, жануарларды атып, қырып-жоюдан басқа жолын қарастырған жөн деп санайды. Ал ветеринария бөлімі мамандарының пікірі басқа. Жалпы, өңірде жыл басынан бері 10 мың бас қаңғыбас ит атылған. Мұны ит аулайтын қызметкерлер тұрғындардан шағым жиі түсетіндігімен байланыстырып отыр. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері 1500-ден астам адам итке таланған. 

«Біреулер ат дейді, біреулер атпауды сұрайды. Қазір құтырған иттер де көп. Өткенде көрдіңіздер, адам жейтін иттер де бар. Мына жақын аудандардағы адамдар ит-мысығын осы қалаға әкеліп тастайды. Ит 4 ай сайын туады. Бір туғанда 10-12 бастан күшіктейді», - дейді ветеринария қызметінің диспетчері Қайырғали Темірбеков. 

Мамандар бұл проблеманы бір жақты қарастыруға болмайтындығын айтады. Топтасқан иесіз иттер көп жағдайда тұрғындар мен балалардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан бұл мәселе өзекті күйінде қала бермек.