$ 494.87  520.65  4.91

Қазір мұз үстінде жүру адам өміріне өте қауіпті

Себебі ойламаған жерден мұз ойылып, су астына кетіп қалу қаупі жоғары.
Фото: Astanagov.kz
Фото: Astanagov.kz

Күн суытып, ауа температурасы 0 градустан төмендеген сайын елорда өзендерінің бетін жұқалтаң мұз басты. Құтқарушылар бұл күндері мұз бетіне шығу, әсіресе оның қаттылығын аяқпен басып тексеру аса қауіпті екенін айтып дабыл қағып отыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты. 

Еліміздің өзге өңірлерінде биылғы күз-қыс маусымында қайғылы жағдай орнап үлгерді: екі бала қаза тапты. Қазір өзендер мен көлдердің бетінде күзгі мұз қату басталды. Ол жерде жүру адам өміріне қауіпті. Себебі ойламаған жерден мұз ойылып, су астына кетіп қалу қаупі жоғары. 

Құтқарушылардың ақпараты бойынша, бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 7 см құрайды, оның үстімен жаяу жүріп өту үшін кемінде 15 см болуы қажет. Автомобильдер үшін 30 см-ден жұқа болмағаны жөн. Ал қазіргі уақытта көлдер мен су айдындарындағы мұздың қалыңдығы шамамен 1-ден 2 см-ге дейін. 

Бұл жерде есте ұстау қажет негізгі қағида – жұқалтаң мұздың үстіне шығып, оның қаттылығын аяқпен қатты басып көруге болмайды. Қатты және қауіпсіз мұз ұзақ аяздан кейін ғана болады. 

Сонымен қатар, ата-аналар су қоймаларына жақын жердегі қауіпсіздік пен жүріс-тұрыс ережелерін ұмытпауы және балаларды қараусыз қалдырмауы тиіс. 

Адам өміріне қауіп туындаған уақытта бірден 112 нөмірі бойынша шұғыл қызметке қоңырау шалу керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#мұз