$ 443.85  474.3  4.8

«Сіз ұлы ұстаз Ясауи бабамыздың қасына жатар ма едіңіз?»: түркістандық журналист Ердоғанға ашық хат жазды

«Өмір барда қаза бар. Ешкім шайтан емес. Сіз де. Бір өлім хақ. Құдай өзінің берген аманат жанын қай күні алады, ерік өзінде. Алда-жалда ... болып кетсеңіз, сіз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қасына жатар ма едіңіз? Осындай ой сізге келмеді ме?».
фото: tobolinfo.kz
фото: tobolinfo.kz

«ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ РЕДЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН МЫРЗАҒА ҰЛЫ ҰСТАЗ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ ЖЕРЛЕСІ, ЖУРНАЛИСТ ДӘУРЕН ӘБДІРАМАНОВТАН АШЫҚ ХАТ!

Соңғы жылдары түркиялық ағайындар көрермен назарына «Ертұғрыл», «Юнус Эмре» сияқты ата тарихтан сыр шертетін бірнеше кинотуынды ұсынды. Бірінен бірі өтеді. Бұл туындылар түркі жұртының көрермендеріне, оның ішінде қазақ көрермендеріне несімен ұнады? Жалғыз тарихтан сыр шерткендігімен десеңіз, оныңыз жадағай жауап болып шығады. Бұл фильмдердің басты ерекшелігі – түркі баласын өзінің рухани тамырына үңілтетіндігінде. Түркі жұртының, оның ішінде ата қазақтың рухани тамырының тірелетін жері – әулиелердің сұлтаны – Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз.

Мысал келтірер болсақ, «Ертұғрыл» фильмінің 26 сериясының 1:17:00 минутында Османның атасы, яғни, Ертұғрылдың әкесі Сүлеймен шах атақоныстан айырылып, Византия маңында босып жүрген Оғыз билерінің жиынында «Біз Ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің шапанының астында біріксек қана мәңгі тұрақты мемлекет құра аламыз» деген сыңайда сөз айтады. Ал, «Юнус Эмре» фильмінде Юнус Эмренің ұстазы Таптук Эмре әр уағызында «Ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің айтуынша» деп құрмет көрсетіп отырады.

Аталған фильмдерде Ясауи бабамызға құрмет ерекше көрсетіледі.
Құрметті Реджеп Тайып Ердоған аға! Өз атыман және өзімнің отбасымның атынан осындай кинотуындылар түсіргендіктеріңіз үшін барша түркиялық киногерлерге шексіз алғыс білдіргім келеді. Мұндай алғысты аталған сериалдарды көріп шыққан барша отандастарымыз да білдіреді деген ойдамын. Бұл алғысты неге сізге арнап айтып отырмын? Себебі кез келген мемлекеттің идеологиясын сол елдің басшысы жасайды. Аталған сериалдардың барлығы да Түркия мемлекетінің президенттігіне сіз келгеннен кейін жарыққа шықты. Демек, осынау ұлы идеялардың авторы өзіңіз деп ойлауыма моральдық құқым бар ғой деп есептеймін. Сізге және сіз басқарып отырған барша Түркия халқына Алланың нұры жаусын. Осы еңбегіңіз арқылы-ақ Құдай сіздерге, түркиялық бауырларымызға мың-сан сауап жазады ғой деп ойлаймын. Лайым қателеспеген болайын.

Аса құрметті Реджеп Тайып Ердоған аға! Сонымен, барлығымыздың түйісетін жеріміз Әзірет Сұлтан Құл Қожа Ахмет Ясауи болып тұр ғой. Сіздер Қ.А. Ясауи атамызды қалай құрметтесеңіздер, біз де сіздерді солай құрметтейміз. Пір тұтамыз. Қазақтың кешегі игі жақсыларының көпшілігі өлерінде бір-ақ аманат қалдырған. Ұрпақтарына қалдырған ол аманатының үлкені – «мені Түркістанға, Әзірет Сұлтанға қойыңдар» деген аманат еді. Бүгінде Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында қазақтың 20-дан астан ханы мен сұлтаны, 20 абыз, биі, 40-тан астам батыры, көптеген игі жақсылардың сүйегі жатыр. Бұлардың барлығы да ұрпақтарына «мені Әзірет Сұлтанның қасына қойыңдар» деп аманат айтып кеткен ұлы даланың ұлы перзенттері.

Біздің қазақтың Қожа Ахмет Ясауиге деген махаббаты мұнымен де шектелмейді. Мәселен, қаз дауысты Қазыбек би бабамыз қыстыгүні қайтыс болғандықтан ұрпақтарының мүрдені Түркістанға жеткізуі қиын болады. Ол кез – қазіргідей технологияның жетілген заманы емес. Қазыбек бидің өмір сүрген жері Қарқаралы мен Түркістанның арасы кемі 1,5 мың шақырым. Түркістанға апармай-ақ, сол жерге қоя салайын десе аталарының аманаты бар. Ал, қазақ еш уақытта аманатқа қиянат жасамайды. Әсіресе марқұмдардың аманатына. Содан, Қазыбек би бабамыздың денесін ұрпақтары көктемге дейін сөреде сақтап, жер қарайған соң Түркістанға, Әзірет Сұлтан Құл Қожа Ахмет Ясауидің қасына әкеп қояды. Осы екі-үш айдың ішінде Қазыбек би бабамыздың мәйіті бұзылмайды да, сасымайды да, бүлінбейді де. Кеудесінен жаны шыққан сәтте қандай күйде болды, жерлеген сәтте де сол күйі болады. Мұндай мысалдар қазақ өмірінде өте көп. Міне сізге Қожа Ахмет Ясауиге деген құрмет! Ал бұл құрмет шындап келгенде Ислам дініне деген құрмет болып шығады.

Құрметті Реджеп Тайып Ердоған аға! Жаңағы фильмдерді көргеннен кейін мен терең ой құшағында жүрмін. Өмір барда қаза бар. Ешкім шайтан емес. Сіз де. Бір өлім хақ. Құдай өзінің берген аманат жанын қай күні алады, ерік өзінде. Алда-жалда ... болып кетсеңіз, сіз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қасына жатар ма едіңіз? Осындай ой сізге келмеді ме? Бұл сұрағымда ешқандай саясат жоқ, жанымның руханият іздеушілігі бар. Менің сұрағым бәлкім жынды адамның сұрағындай болып көрінер. Бірақ, адам рух іздегенде осындай хәлге түсетін шығар деп ойлаймын. Кім біліпті-ау...

Рухты іздеткен «Ертұғрыл», «Юнус Эмре» фильмдері. Оны түсірген өздеріңіз. Осы фильмдерден кейін түркиялық бауырларымды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Расында да, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз тұрғанда бізді ешкім бөле алмайды.

Сіздің амандығыңызды, абыройыңызды Алладан тілеуші алыс Қазақстандағы өзіңіз танымайтын Дәурен Әбдіраманов деген бауырыңыз!
Жаса, Қазақстан! Жаса, Түркия!».

Материал автордың facebook парақшасынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары