Елімізде несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендеуі мүмкін. Ол тек нарыққа шетелдік банктер енген жағдайда жүзеге асады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Шетелдік банктерге өз филиалын ашуға 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап рұқсат берілген. «Содан кейін ғана несиелер бәсекелестіктің арқасында арзандауы әбден мүмкін» - дейді Ұлттық банк төрағасы. Ал Досаев қазақстандық банктер шетелдіктерге төтеп бере алатынына сенімді. Қазір біздегі несиелердің шекті пайыздық мөлшерлемесі 56 пайыздан асады.
Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы:
- Ең алдымен, қаржы нарығына қатысушылар алаңының кеңейтілуі тариф пен комиссиялардың азаюын, шарттардың жақсаруын, алдағы уақытта пайыздық мөлшерлеменің төмендеуін білдіреді. Еліміздегі 14 шетел банкінің жұмысынан біздің банктік институттар жұмысын белсенді етті, тарифтерін төмендетті, жаңа өнім енгізді.