Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы перинаталдық орталықта арнайы аппаратқа қосылған сәбидің мұрны бір түн ішінде шіріп түсіп қалды, деп хабарлайды КТК телеарсы.
«Шала туылса да, бір айдай балам сап-сау болды» деген анасы жансақтау бөліміндегі аппаратқа қосылған соң осындай жағдайға жеткеніне сенімді.
Бақыт Бекназарова, сәбидің анасы:
- Медбикелерге бір күн бұрын айтқанмын: «қараңыз, мынау жара боп жатыр» деп. «Ештеңе болмайды» деп, екі медбике қарамады. Сол күні түнде болған жағдай бұл. Дәрігерлер, медбикелер кінәлі. Мен әділдік орнағанын қалаймын. Баламның өмірімен ойнады. Нәрестені қанша қинады...
Мұрынсыз қалған шақалақ төрт айдан бері жансақтау бөлімінде жатыр. Содан бері анасы облыс пен Елордаға шағымды қарша боратуда. Перинаталдық орталықты тексерген Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жасанды тыныс аппаратының мұрынды қажап, содан нәрестенің нәзік терісінде жара пайда болғанын және бірден мұрын некрозына ұшырағанын анықтаған. Бала жатқан бөлімшенің кезекші дәрігерлері мен медбикелеріне түгел сөгіс те беріпті. Аз уақытта екі рет ота жасатқан сәбидің анасы енді моральдық шығын ретінде орталықтан 10 миллион теңгеге талап етіп, сотқа берді. Ал перинаталдық орталық «бәленің бәрі нәрестенің анасы мен сирек кездесетін ауруда» деп ақталып отыр.
Алия Тасырова, Маңғыстау облыстық периниталдық орталығының бөлім меңгерушісі:
- Баланың анасы қауын мен газдалған сусын ішіп, сәбиін емізген. Содан ішек ауруы қозып, бала жансақтау бөліміне түсті. Ағзасы әлсіреген нәрестеде бет тіндерін бұзатын Нома деген сирек ауру пайда болған. Мұндай диагнозды Алматы мен Нұр-Сұлтаннан арнайы келген екі хирург та растап отыр. Әйтпесе, қанша баламыз апаратта жатыр ғой. Барлығы сап-сау.