$ 449.58  486.94  4.86

Шымкенттік белсендінің көлігінің терезесін сындырып, иттің басын тастап кеткен

Белсендінің сөзінше, «19 қараша түнгі сағат 00:30 шамасында сыртқа шыққанда көлігі бүлінбегенін байқаған.

Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов белгісіз біреулер көлігінің терезесін шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткенін айтты. Белсенді полицияға шағым түсіргенін жеткізді, деп хабарлайды Азаттық.

Шымкент қалалық прокуратурасы осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалғанын, күдіктілер іздестіріліп жатқанын хабарлады.

Белсендінің сөзінше, «19 қараша түнгі сағат 00:30 шамасында сыртқа шыққанда көлігі бүлінбегенін байқаған. Таңертең балаларын мектепке алып бару үшін көлігін от алдырмақ болғанда ішінде иттің басын көрген».

- Көлік есігінің сыртына «Мал», үйдің қоршауына «Шестерка, сатқын!» деп жазған, көліктің екі дөңгелегін пышақпен жарғанын байқадым. Бұл – менің саяси көзқарасыма байланысты жасалған ескерту, қорқытып үркіту. Бұған дейін «Қытай экспансиясына» қарсы екенімді ашық айтып келдім. Әлі де айтамын, қарсымын, - дейді Нұржан Мұхаммедов Азаттыққа.

Оқиғаны естіген оннан аса белсенді түстен кейін Мұхаммедовтің ісін бақылауға алуды талап етіп қалалық прокуратураға барды. Наразы белсенділердің бірі Ерғали Құлбаев «Бұл жағдай басқа белсенділердің үйінде қайталанбауына ешкім кепілдік бермейді» деді.

Кезекші прокурор белсенділердің шағымын қабылдап алып, істі қалалық прокуратураның бақылауында екенін жеткізді.

Нұржан Мұхаммедов бұған дейін Шымкентте билікке қарсы және «Қытайдың Қазақстандағы зауыттарына қарсы» бірнеше рет наразылыққа шыққан (Қыркүйектің басында бірнеше қалада Қытайдың Қазақстандағы 55 жобасына қарсы наразылық шаралары өткен. Кейін билік осы шараға қатысқан ондаған белсендіні әкімшілік жауапқа тартып, бірнеше күнге қамаған). Сот Мұхаммедовті «бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» деп 10 және 5 тәулікке қамаған. Шымкент тұрғыны 2018 жылы шілде айында жанұясымен бірге қала әкімдігіне барып, «полицияның қудалауынан шаршағанын» айтып, өзін-өзі өртемек болған. Оны әкімдік қызметкерлері құтқарып қалған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Шымкент