20.11.2019, 07:03

«Қобыланды батыр» жырын жаттаған түркістандық оқушы 1 млн теңгеге ие болды

Жеңіске жеткен Созақ ауданының оқушысы Өсер Тұран 1 млн теңге, ал оны дайындаған ұстазы 2 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Түркістанда «Қобыланды батыр» жырын жатқа оқудан «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz. 

Бүгін Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет сарайында «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің жеке жобасы – «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауы өтті. Жарысқа  16 аудан, қаласынан іріктелген 47 жырсүйер бала «Қобыланды батыр» жырын бастан-аяқ жатқа айтудан сайысты. 

Жеңіске жеткен Созақ ауданының оқушысы Өсер Тұран 1 млн теңге, ал оны дайындаған ұстазы 2 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, тағы да бір созақтық оқушы Шалтай Рәбил 2-орын алып, 600 мың теңге және ұстазы 1,2 млн теңге сыйақы иеленсе, үздік үштікті қорытындылаған Төлеби ауданының оқушысы Тұрмахан Нұрсұлтан 300 мың, ұстазы 600 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. 

Айта кетейік, "Qazaq Epos" ағарту жобасы аясындағы «Тұлпар мініп, ту алған!» жыр додасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған.