20.11.2019, 23:09

Экономистер: жиналған қаржыны зейнетке шыққанға дейін пайдалану керек

Фото: Sputniknews.kz
Қазір халықтың бірыңғай зейнетақы қорына деген сенімі азайған.

Қазақстанда зейнетақы жүйесін қайта реформалау ұсынылды. Экономистер ел тұрғындары жинақтағы қаражатын зейнеткерлікке шыққанға дейін пайдалану керек деп есептейді. Мәселен, баспана мәселесін шешу үшін. Өйткені елімізде алты миллионнан астам адам үй-күйсіз жүр. Жыры бітпеген зейнетақы қорының жайын талқылаған жиынға тілшіміз қатысып келді, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Бүгін экономистер мен саясаткерлер еліміздегі зейнетақы жүйесін Сингапурдағыдай етуге талпынды. Форумның негізгі мақсатын осылай суреттеуге болады. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қала-мемлекеттен үйренеріміз көп. Біздің билікті бұл мемлекет өмір сүру деңгейінің тұрақтылығымен таңғалдырып келеді. Сондықтан бұл жолы Сингапурдың зейнетақы жүйесіндегі тәжірбиені негізге алыпты. 

Ербол Төлегенов, Стратегиялық бастамалар орталығының жобалар бойынша жетекшісі: 

- Қазір зейнетақы қорына жарналар қосымша салық ретінде қабылданады. Қазақстанда 9 миллион экономикалық белсенді халық бар. Оның 40 пайызы немесе 3 миллион 600 мың адам зейнетақы жарналарын тұрақты төлейді. 30 пайызы, яғни 2,7 миллион адам жарнаны ара-тұра салып тұрса, қалған 30 пайызы – зейнетақы жарналарын мүлдем төлемейтін адамдар. 

Қазір халықтың бірыңғай зейнетақы қорына деген сенімі азайған. Себебі, зейнет жасына келгенде жинақтағы ақшаны толық ала алмаймыз деп қорқады. Ол – бір. Ал екіншісі – Әзірбайжан банкіне берілген миллиардтар. Қарыз қайтарылған жоқ. Зейнетақы жүйесі бойынша оңтайлы шешім қабылдауға әлі уақыт бар деп депутаттар асықпайды. 

Нұржан Әлтаев, Мәжіліс депутаты: - 

Қазақстандықтардың зейнетақы қорында үлкен бір ақшасы жиналып жатқан жоқ. Сондықтан бұл жерде қарауымыз керек. Мен ойлаймын, 2023 жылға дейін біраз елдің тәжірибесін қарап, дүниежүзінде болып жатқан ең жақсы тәжірибені алып жасауымыз керек. 

Жиында келтірілген деректерге сүйенсек, ел азаматтарының 70 пайыздан астамының шотында 1 миллионға жетер-жетпес ақша бар. Бұл қаржы тіпті ипотека алуға алғашқы жарнаға жеткіліксіз. Ал сингапурлық жүйе бойынша бұқара жинақтарын бақылап қана қоймай, баспана сатып алуына мүмкіндік береді дейді мамандар. 

Ербол Төлегенов, Стратегиялық бастамалар орталығы, жоба менеджері: 

- Біз бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жаңа жүйені енгізіп, өз қаражатымызды басқаруға мүмкіндік беруді ұсынамыз. Үш есепшот жасаймыз: тұрғын үй, зейнетақы және арнайы. Арнайы медициналық шот оқу және инвестициялық шығындарды жабуға болады. 34 жасқа дейін 16% тұрғын үй шотына, 10% зейнетақыға  және 10 пайызы арнайы қорға жұмсалады. 

Бұл шетелдік жүйе – біздің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының аналогы. Бірақ оның елімізде жүзеге асуы неғайбыл. 

Жанат Құрманов, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы: 

- Сингапурдың зейнетақы жүйесіне мұқият қарау керек. Өйткені әркім өз жинағын басқара алады деген қағидасы бар. Қазақстанның кірісі төмен екенін ескерсек, мұны жүзеге асыру қиын. Сингапурдан 12 есе аз. 

Бұл шарадан кейін еліміздегі зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер орын алып, қандай шаралар қабылданатыны әлі белгісіз. Өйткені сарапшылар мен мамандардың пікірі екіге жарылды. Бір білетініміз, Президенттің Үкіметке берген пәрмені. Мемлекет басшысы өз жолдауында зейнетақы қорында жиналған қаржыны жұмыс істейтін адамдардың мақсатты пайдалануын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Тегтер: экономист