21.11.2019, 06:05

Мұзға себетін қоспа мен реагенттің айырмашылығын білесіз бе? (ВИДЕО)

Жолдардағы мұздарды тазартуға қолданылатын техника мен өнім де жаңарған.

Елорданың коммуналдық қызметкерлері қар тазалау мен мұз ою жұмыстарын үздіксіз, күндіз-түні атқарады. Жолдардағы мұздарды тазартуға қолданылатын техника мен өнім де жаңарған.  Осы орайда Елорда Инфо тілшісі жолдарға себілетін арнайы қоспаның құрамы қандай және ол қайда өндіріледі? Жалпы мұзға себілетін құм-тұз қоспасы мен реагенттің айырмашылығы бар ма, асфальт жолға әсері қандай екені туралы мамандармен сұхбаттасып қайтты.   

«Арнайы реагент көбінесе бұл Ақ орда, Ұлы Дала, Достық және Д. Қонаев, Қабанбай батыр, Мәңгілік ел, Тұран сияқты негізгі көшелер мен халық жиі жүретін орындарға себіледі. Орташа алғанда 3 тонна реагент 2 көшеге жетеді. Бізде 6 техника реагент себумен айналысады. Соңғы күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты күні-түні кезекшілік атқарудамыз», - деді «Астана - Тазалық» ЖШС-нің кезекші прорабы Ғани Абралиев.

Қазақстандық магнезит бұйымдары зауыты бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Александр Мендецкийдің айтуынша, елордада жаяу жүргіншілер жолы мен автожолдарға себілетін қоспаның айырмашылығы бар.  Мәселен тротуарлар мен аулаларға себілетін ICEMIX реагенті мұздың еруінен балшыққа айналмайды. Яғни адамдардың аяқ киімі мен жолды ластамайды және коммуналдық қызметшілер реагенттің әсерінен ыдырай бастаған мұзды оңай жинап алады. Ол себілген соң 3-5 минут аралығында әсер етіп, мұзды ерітеді екен.

«Әр шаршы метрге 450 грамм тұз-құм қоспасы себіледі. Реагентті қолдану экономикалық жағына тиімді және ол экологиялық таза өнім. Мұзбен реакцияға жылдам түседі. Көліктердің дөңгелегіне және металлға еш әсер етпейді», дейді ол.

Бұл кәсіпорын 2016 жылы ашылыпты. Ресейлік технологтармен бірлесе отырып өнімнің құрамын ойластырып, мемстандартқа сәйкес жасаған. Сонымен қатар Қазақстан аумағында өндіру мен таратуға рұқсат алынғанын айтты.

«Бұрынғыдай ас тұзын қолдану азайды. Бұрын Ресейден жеткізілетін, оның сапасы біздің өнімнен төмен. Қазір қазақстандық шикізатқа басымдық береміз. Астанаға себіліп жатқан қоспаның құрамына келсек оның 60 пайызы хлорлы кальций, қалғаны калий хлориді мен магний хлориді», дп түсіндірді А. Мендецкий.