21.11.2019, 09:30

Дәретханадағы оқушы зорлығы: Білім басқармасының басшысы өз еркімен жұмыстан кетті (ВИДЕО)

Күні кеше ғана мектеп директоры мен орынбасары және үш маман қызметтен шеттетілген. Құзырлы орынның лауазымды тұлғалары да жазасыз қалмады.

Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысыз қалды. Тараздағы қоғамдық дау туғызған жағдайдан кейін шенділердің қызметтен шеттетілуі жалғасып жатыр. Осы салаға екі жарым жылдай жетекшілік еткен Рахия Тұрмағанбетова жұмысынан кетті, деп хабарлайды КТК арнасы. 

"Облыстық білім басқармасының басшысы біріншіден педагог, екіншіден өзінің моральдық тұрғыдан жауапкершілігін сезініп, өз еркімен өтініш берді, өтініші қанағаттандырылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы 5ші қарашадан еңбекке жарамсыздық парағы бар, қалай жұмысқа шығады, солай өзінің өтінішімен жұмыстан кетеді", - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова.

Күні кеше ғана мектеп директоры мен орынбасары және үш маман қызметтен шеттетілген. Құзырлы орынның лауазымды тұлғалары да жазасыз қалмады. Тараз қалалық жергілікті полиция басқармасы бастығы мен тағы үш бөлім басшысына қатаң сөгіс берілді. Қос сала өкілдерінің жаппай жұмыстан кетуі мен жазаға тартылуына мектеп оқушысының педофилден жәбір көруі себеп. 

Осыдан төрт күн бұрын Таразда мектеп оқушысы әжетханада зорланған. Күдікті екі сағаттан кейін ұсталып, қамауға алынды. Ол 36 жастағы азамат. Қаскөй бұған дейін де адам зорлағаны үшін істі болған. Енді ол өмір бойына түрмеге жабылуы мүмкін. 

Айта кетейік, тысқа сұранған 7-ші сынып оқушысын пән мұғалімі сабақ аяқталғанша іздемеген. Ауланы аш қасқырдай бір сағат бойы кезіп жүрген күдіктіні мектеп инспекторы мен вахтер де аңғармапты. Себебі, екеуі де жұмыс орнында болмаған дейді жауаптылар.