Изатулла Имамов. Кәсібі – көрқау. Жалпыға түсінікті тілмен айтқанда, көр қазушы. Оның қызметіне көр қазудан бөлек, мәйіт жерленетін орынды белгілеу, мазаратты күтіп ұстау және сондағы тыныштықты сақтау да кіреді. 16 жылдан бері көрқау болып еңбек ететін Изаттуланың айтуынша, өлілерге қызмет көрсету тірілермен жұмыс істегеннен әлдеқайда тыныш екен. Сонымен «Ел іші» айдарының бүгінгі мақаласы Шымкент мазараттары, сондағы жағдай, демі үзіліп, тірілер арасынан мәңгілікке алыстаған жандардың ендігі мекені болар қабір қаздыру жайы мен осы тақырып төңірегіндегі басқа да жайттарға арналады. Әңгімеміздің әлқиссасы көрқау Изатулла Имамовтың сөзімен де басталды.
«КҮНІНЕ КЕМІ 2-3 ҚАБІР ҚАЗАМЫН»
Изатулла Имамов бір күндік жұмысын осынау бір сөйлемге сыйдырды. Бұған қоса, келіп-кетушілердің өтінішімен құран оқиды, бейіттегі мәрмәр тақта тастарды сүртіп, солған гүл, қураған шөптерді жаңалайды. Бос уақытында зиратты қоқыс қалдықтарынан тазартады, қорым айналасын көгалдандырады.
– Көп жерде жалданып жұмыс істедім. Алайда жұмыс берушілер еңбегімді қанады. Маңдай термен тапқан жалақымды бермей қоятын. Тіпті балағаттайтын. «Затымды ұрлады» деп жала жауып, арыз жазып жібергендері де болды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген сөз бар емес пе?! Менің аузым сондай жандардан қатты күйді. «Мұндай жұмысы құрысын» дедім. Бірақ, үйде отыра алмадым. Себебі отбасын асырау керек. Сол қу жоқшылық менің осы кәсіппен айналысуыма сеп болды,-деді Изатулла Имамов.
БЕЙІТТІ АЛДЫН АЛА ИЕМДЕНІП ҚОЯТЫНДАР БАР
Әңгімесін осылай бастаған Изаттуланың сөзі «тірі жандардан көрмеген жақсылықты, өлілерге қызмет етіп көріп отырмын» дегенге саяды.
Изаттуланың сөзінше, ел ішінде жерленетін жерді алдын ала алып қоятындар да бар екен. Мәселен, Шымкент-Ташкент бағытында орналасқан бір ғасырлық тарихы бар «Қасқа» мазаратының аумағы бүгінде толып қалыпты. Әйткенмен, жерді бүкіл «әулетіне» деп алдын ала алып қойғандар бар екен.
Байқағанымыздай мұнда 2-3 жерден, 1 гектар жерге дейін қоршап алғандар да баршылық. Мұндағы күйбелең жұмыс тоқтаған емес. Күнделікті келіп-кетушілер бар. Сондықтан да, Изатулла Имамовтың қызметі әлі де керек. Сол үшін мемлекеттен көк тиын алмайды. Ол осында келгендерге қолғабыс етумен күнелтеді екен. Табысы да бұйыртқаны. Қабір қазған ақысына қанша алатынын ашып айтпағанымен де отбасын асырауға жететінін айтады. Қаладағы 12 мазаратта да қабір қазатын Изатулла кейбір кісілер ақшадан бөлек, ет, шай, қант, ұн әкеліп беретінін де айтты.
БІР АДАМҒА – 6 ШАРШЫ МЕТР ЖЕР ТИЕСІЛІ
Оның сөзін қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасындағылар да растайды. Басқарманың көгалдандыру бөлімінің бас маманы Шаихислам Кемелханның мәліметінше, Шымкент қаласында 44 мазарат бар. Соның 38-і мұсылман мазараты. Бұл мазараттардың әрқайсысында бірнеше көрқаудан бар. Олар мазараттарды күтіп-ұстаумен, туысы жоқ адамдарды жерлеумен, келгендерге жер белгілеумен айналысады. Бұдан бөлек, көр қазуға көмектеседі. Келіп-кетушілердің талап-сұранысы бойынша қолғабыс етеді. Туысы жоқ, белгісіз адамдарды жерлеуді есептемегенде басқа қызметтері үшін мемлекеттен ақы алмайды. Зиратқа келіп кетушілердің берген қаржысын қанағат етеді.
– Шымкент қаласы бойынша жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар елдiмекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын жерлеу үшiн кемiнде 6 шаршы метр жер учаскесiн тегiн береді. Көбіне тұрғындар мұны біле бермейді. Соны пайдаланған кейбір пысықайлар жерленетін жер үшін де ақы алады. Дегенмен әр адамға 6 шаршы метр жер тиесілі. Кісі қайтыс болғаннан соң да, алдын ала да алуға болады. Бұл үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Көрқаудың қызметіне келсек, оны қолдану-қолданбау әркімнің өз еркі. Көрқау немесе мазарат басындағы шырақшы сізге бос жерді белгілеп, көрсетуге міндетті. Оны өзіңіз қазасыз ба, әлде көрқауға қаздырасыз ба, сіздің еркіңізде. Сол үшін көрқауға қанша төлейтініңіз сіздің жомарттылығыңызға байланысты, — дейді Шаихислам Мұқанұлы.
Ал туған-туысы жоқ адамдарды жерлеу жергілікті бюджет есебінен жүзеге асады. Бір мәйітті жерлеуге бекітілген сома – 30 мың теңге. Бүгінге дейін бюджет есебінен 100 адам жерленіпті. Бұл мәйіттерді қай көрқаудың жерлейтінін мемлекеттік тапсырыс, яғни «тендер» шешеді.
МӘЙІТХАНАДА МҮРДЕНІ НЕГЕ АШАДЫ?
Шаихислам Мұқанұлының айтуынша, белгілі тұрағы жоқ адамдар мен қала аумағында табылған «белгісіз» мәйіттер ең алдымен мәйітханаға түседі. Заң шеңберінде атқарылған іс-шаралар негізінде қайтыс болуды растайтын медициналық куәлік беріледі. Сосын «тендер» жеңімпазы, жерлеу қызметтерін ұсынатын жеке кәсіпкер бұл мәйіттерді қаладағы кез келген мазаратқа жерлейді.
Осы ретте біз Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтына бардық.
Жалпы экспертизалық бөлімінің меңгерушісі Рафик Құрбановтың айтуынша, мұнда тергеу орындарының қаулысы негізінде қала аумағында табылған белгісіз мәйіттер, белгілі тұрағы жоқ азаматтар мекендейтін мекемеде қайтыс болғандар, өз-өзіне қол жұмсаған немесе қандайда бір қайғылы жағдайда (жол көлік оқиғасы) қаза тапқан жандардың мүрдесі жеткізіледі.
– Тергеу органдарының қаулысы негізінде, бізге жеткізілген мүрдеге сот сараптамасы жүргізілуі тиіс. Кей жағдайда түрлі себептерге байланыс-ты марқұмның туыстары мүрдені «союға» қарсылық танытады. Алайда, сараптамадан өткізу не өткізбеу біздің қолымыздағы дүние емес. Қаулы негізінде мүрде жеткізілді ме? Ендеше заң шеңберінде біз оған сараптама жасауымыз керек. Ал мүрдені сараптамадан өткізгісі келмегендер тергеушіден істің тоқтатылғаны жайында анықтама әкелуі тиіс. Сол жағдайда ғана денені «соймаймыз». Қалған жағдайдың бәрінде сараптама жүргізіледі. Соның негізінде қайтыс болуды растайтын медициналық куәлік беріледі,- дейді Рафик Құрбанов.
Әділет департаментінің бұйрығына сәйкес, мүрдені сою күннің жарық тәулігінде ғана жасалады. Кешқұрым өткізілмейді.
– Кей күндері 9-10 мәйітке дейін жеткізіледі, енді бір күндері ешқандай мәйіт түспейді. Бізде екі үстел жұмыс істейді. Бұл бір мезетте екі мәйіт «сойылады» деген сөз. Бір мәйітке 2 сағат жұмсалады. Сонда шамамен күніне 6 мүрдеге дейін сараптама жасалады. Үлгермеген жағдайда мүрде келесі күнге қалдырылады. Бұған көңілі толмағандар ызаланып жатады. Бірақ заң солай. Күн батқан соң мәйіттер қабылданғанымен, сараптамадан өткізілмейді. Жалпы бізде мәйітті сақтау мерзімі – 10 күн. Осы аралықта туысы табылмаған мәйіттерді жерлеу қызметін ұсынатын мекеме әкетіп, жерлейді, — дейді Рафик Құрбанов.
Маман сараптама жүргізуде туыстардың өтінішін де ескеретіндерін айтады. Яғни, жерлеуге асығып тұрғандарды бірінші кезекте өткізеді. Содан кейін қалған мәйіттер кезек кезегімен рет-ретімен өткізіледі. Орталықтан мәйітті алып кету үшін 5200 теңге төлеу керек. Бұл мәйітті жуу мен киіндіру ақысы.
Айтпақшы, денені алып кетуге асықпайтындар да бар екен. Мұндайда мүрдені тоңазытқышта бірнеше күн сақтайды. Бірақ сол үшін бекітілген прейскурантқа сәйкес ақы алады.
Ескеретін тағы бір жайт, егер адам ауруханада қайтыс болса, оның мүрдесі «Нұрсәт» шағынауданындағы облыстық патологиялық анатомия бюросына түседі. Бөлім басшысы Луиза Кристафорқызының сөзінше, мұнда облыс және қала ауруханаларында ауырып көз жұмғандар жеткізіледі. Мұнда келіп түскен мәйіттер көп сақталмайды.
– Ең ұзағанда – 1 күн. Жалпы үш-төрт сағатта анықтамасын жазып, мүрдені туыстарына беруге тырысамыз,-дейді Луиза Кристафорқызы.
Мұндағы анықтама деп отырғаны – кісінің өлгенін растайтын медициналық құжат. Сол құжат негізінде қайтыс болуды растайтын куәлік беріледі.
Қайтыс болуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ немесе www.egov.kz арқылы жүзеге асады.
Сала мамандарының мәліметінше, Шымкентте 2019 жылдың 10 айын-да 4196 қайтыс болу куәлігі тіркеліпті. 2018 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 3854 болған. Куәлік марқұмның мемлекет алдындағы салықтық төлемдерін және басқадай мемлекеттік қызметтерді тоқтатуға негіз болады.
Мұхамеджан Естеміров, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары:
– Жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екені аят пен хадистерде баяндалған. Бірақ, бұл қазалы үйге қатысты емес. Халыққа арнайы дастархан жайып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірмеу үшін шариғатта «Қазалы үйде 3 күнге дейін ас асылмасын» делінген. Өздері жақындарынан айырылып, қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлеп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес. Марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайын-дап бергені жөн. Бұл – сүннет. Сондай-ақ, халық арасында «Жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен» деген түсінік бар. Бірақ бұл – қате түсінік. Марқұмның үш күндігін, жетісін, қырқын, жүз күндігі мен жылын беру шариғаттың талабы емес. Мұны Ханафи мәзһабының ғалымдары жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын «мубах» (рұқсат етілген) жоралғыларының қатарына жатады. Сондай-ақ, мәйітті шығару кезінде тиын шашу, жыртыс, шапан, кілем тарату әрекеттері де шариғатқа қайшы. Марқұм болған кісінің көзі тірісінде киген киім-кешегін таратқан дұрыс. Оны да қастерлеп, аяқасты етпейтін ет жақынына берген жөн. Марқұмның киімін өртейтіндер де бар. Бұл да мүлдем қате әрекеттер. Одан да мешітке әкеліп берсе, мұндағылар тұрмысы нашар, мұқтаж жандарға береді. Айта кетер тағы бір жайт, марқұмды шығарғанда ораған кілем мәселесі. Кілемді молдаға беру шарт емес. Оны шаңырақта қалдыруға да болады. Мешітке өткізсеңіз, жайнамаз ретінде төселеді немесе тұрмысы төмен отбасыларға таратылады.
Дереккөз: «Оңтүстік Рабат» газеті