Елімізде жетім балаларға қатысты шешілмеген түйткіл көп. Соның бірі – Қазақстанда бала асырап алу жөніндегі агенттік құру. Бұған дейін бұл қызметті «Ана үйі» қоғамдық қоры атқарып келген. Бірақ, мекеменің халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатуға құқы да, құзыреті де жоқ. Бір айта кетерлігі, 2016 жылдан бері 9 мыңнан астам азамат бала асырап алғысы келсе, 1138 жетім баланың отбасы бар.
Оны заңдастыру тұрғысындағы жаңа заң жобасын қарап, қабылдауға кейбір депутаттар ниетті емес. Бала асырап алған отбасылар мемлекет тарапынан емес, дәл осы қор арқылы моральдық және психологиялық көмекке қолы жеткенін айтады. Сондықтан да меценаттар Қор төңірегінде бала асырап алуға арналған мемлекеттік емес агенттік құрудың уақыты келді деп санайды. Яғни, бұл ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапса, мыңдаған бала өз отбасын ертерек табуы мүмкін.
Осы істің басы-қасында жүрген BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы және ірі акционері Айдын Рахымбаев пен ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин өздерінің Фэйсбуктегі парақшасында нәтиже шыққанша күресетінін жеткізді. Айдын Рахымбаев: «Депутат Балиева әріптестеріне 29 қазанда бала асырап алуға арналған мемлекеттік емес агенттік құру жөніндегі жобаны қарамауға шақырған. Және осы күнге дейін қаралмады да. Олардың пікірінше, бұл мемлекеттік шаруа, мұнымен үкіметтік емес ұйым айналыспауы керек. Неше жылдан бері шешсе, қайда қалды?! Бүгін тағы да Мәжілістегі тыңдалымдар кейінге шегерілді. Алайда, заңға өзгерістер мен түзетулер енгізуге небәрі 5-6 күн қалған еді. Егер осы жолы 27 қарашаға дейін заң жобасы қаралмаса, келесі заңнаманы әзірлеу мерзімі тағы 1,5-2 жылға шегерілуі мүмкін» деп жазды.
Ал ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин: «Бұл мәселеге мәжіліс депутаттары ішінен тек Снежанна Имашева ғана селт етті. 2018 жылдың қараша айында Елбасының қатысуымен өткен азаматтық форумда Айдын Рахымбаев «әр бала өз отбасында өмір сүруі тиіс және Қазақстанда балалар үйі болмауы керек» деген ойын айтты. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев та қуаттап, мәселе бойынша жұмыс істеуді тапсырды. 2019 жылдың ақпанынан БҒМ жанынан бірқатар мемлекеттік орган өкілі кіретін жұмыс тобы құрылды. Алайда, депутаттар бала құқығын қорғау жөнінде бас қатыра бермейтін сияқты. Қазақстан азаматтары бала асырап алу жөнінде сапалы, тегін көмекті қайдан алады? Егер өз елімізде агенттік құрылса, бәрі басқаша болмай ма? Лауазымды тұлғалардың бейжайлығы Қазақстандағы балалар үйін жабуға кедергі келтіріп отыр» дегенді алға тартады.
Шын мәнінде, бала асырап алу жөніндегі мемлекеттік емес агенттіктің құрылуына не кедергі?
«Ана үйі» ҚҚ атқарушы комитетінің төрағасы Анар Рахымбаева: «Былтыр Азаматтық форум кезінде бұл бастама туралы Елбасы да хабардар болған. Әрине сол кезде біз көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болдық. Бірақ заң жобасы толық әзір болғанымен, кейбір депутаттар тарапынан негізсіз және жасанды кедергілерді көрдік», – дегенді айтты.
Бұл түйткіл жөнінде 2 жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі өкілі болған Парламент мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева не дейді? Біз депутаттың ұялы телефонына қоңырау шалғанымызда: «Күте тұрыңыз, біз бұл жобаға әлі кіріскен жоқпыз. Бұл сауал Парламентте қаралып жатыр. Дауыс беру нәтижесінде бәрі белгілі болады» деп қысқа жауап берді.
Ал депутат 24.kz телеарнасына берген пікірінде: «Мен тек ұсыныс айтқанмын. Ал әріптестерім заң жобасынан ұстаз мәртебесіне қатысы жоқ түзетулердің бәрін алып тастайтындай шешім шығара қоймады. Небәрі 4 түзету. Біріншісі – бала асырап алу агенттігіне заңнамалық құқық пен уәкілдік беру. Екіншісі – туған баласынан ресми түрде бас тартпай және өзінің де қамқорлығына алмай жүрген ата-аналардың мәртебесін бір жаққа шығару. Және бала асырап алғысы келетін болашақ аналар мен әкелерді арнайы білім алуға міндеттеу. Сондай-ақ, жаңа отбасын тапқан балалардың хал-жағдайын ұдайы қадағалап отыру» деп тәптіштеген.
Екі сағат бұрын кәсіпкер Айдын Рахымбаев өз парақшасында: «Бәрі шешілді. Ақордада Бала асырап алу жөніндегі агенттік құру туралы заң жобасына түзетулер енгізу аясында кездесу өтті. Құрам өкілдері де осал емес. Депутаттар, осы мәселеге жауапты министрлік өкілдері және басқа да ұйымдардан түрлі пікір түсті. 25 желтоқсанға дейін толықтырулар енгізілсе, бұл түзету Парламентте тыңдалып, сосын Сенатқа түсіп үлгеруі керек. Президент әкімшілігінің көзқарасы да – Бала асырап алу агенттігі жөнінде заң жобасын қайта қарап, қабылдауды бірауыздан қолдау және жыл соңына дейін қол қою. Осы ұстанымның өзі мәселеге нүкте қойғаны қуантты. Енді бізге ешкім кедергі келтіре алмайды. Бізді қолдаған әрқайсыңызға алғысымыз шексіз. Мәселе балаға келіп тірелгенде ешкім тысқары қалмауы тиіс! Алдымызда еліміздің бала асырап алу жүйесін трансформациялау жөнінде үлкен жұмыс күтіп тұр. Егер заң жобасы қабылданса, жетім балалар төңірегіндегі мәселені шешіп, Балалар үйін жабуды қолға аламыз» деген пікір білдірді.
Аталған тақырыпқа қатысты, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 60 балаға мейірімін төгіп жүрген «Перзент» балалар үйінің төрайымы Әмина қажы Әжібаева: «Бұл бұрыннан келе жатқан тақырып. Балаларды шетелге сатуға түбегейлі қарсымын. Қазақ жетімін жылатпаған. «Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырар» демей ме, шетелге көзі жәутеңдеп кетіп бара жатқан қаракөздерімізді көргенде жаным ауырады. Бұл үлкен қателік», – деген жанайқайын білдірді.
Айтпақшы, қор белсенділері құрғысы келетін Агенттік қазірдің өзінде бір топ бизнесменнің қаржысына жұмыс істеп жатқан көрінеді. «Ана үйі» де бюджеттің ақшасына мұқтаж емес. Бала асырап алушыларға тегін көмек көрсетеді. Тіпті, ауыр дертке шалдыққан жетім балаларды емдеу шараларына кірісіп кеткен. Сондықтан да олар лауазымды тұлғалар мен депутаттар арасындағы келіспеушіліктер балалардың бақытты болуына кедергі келтірмеу керек дейді.
Дереккөз: nege.kz