Қазақстандағы «Барометр» маркетингтік талдау орталығы мамандарының пайымдауынша, алдағы уақытта елдегі депозиттер нарығына жаңашылдық керек. Тіптен келер жылы «халыққа қаржысын тек депозитке ғана емес, құнды қағаздар нарығына салуға, облигациялар сатып алуға үйрету жағы артуы керек.
«Мұндай жағдай қалыптаспаса, тек біркелкі депозиттік жинақпен халықтың салымы өспейді»,-дейді қаржыгер Арман Мусин.
Сарапшының бұл пікірі бізді елең еткізбей қоймады. Осыған орай мамандармен тілдесіп мәселені тереңірек тарқатпақ болдық.
Отандық сарапшыларымыздың айтуынша, біздегі депозит нарығы расымен де қарапайым халыққа аса тиімді емес.
Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, қазір халықтың депозитке салған салымы болар-болмас өсім беріп жатқаны жасырын емес.
«Қазір Қазақстанда доллармен депозит ашсаңыз 4,5 пайыз үстеме қосылады. Теңгемен 10,5 пайыз. Бұл жылдық үстеме. Депозит ашу үшін қалтаңызда 15 мың теңге қаржы болу керек. Сол 15 мың теңгеңізді бір жыл алмай депозитте сақтасаңыз үстіне 1500 теңге қосылады. Қазір әлемдік тәжірибенің өзі депозитті «тиімді қаржы операциясы» деп бағалап отырған жоқ. Қазақстанның кез келген банкіне депозитке үлкен сомада қаражат салсаңыз, бір жылда оған 10 пайыз ғана қосылады. 1 млн теңге қаржы салсаңыз оның үстіне 90 мың теңдегей ғана үстеме қосылады. Ал доллар депозиттердің жылдық үстемесі 4,5 – ақ пайыз(!). Айына қосылатын үстеме тіпті мардымсыз. Сондықтан бұл арада өз басым «халықтың салымын жинаудың жаңаша тетіктерін енгізу керек» деген пікірді қолдаймын. Олай етпесек қазір доллардың құны көтеріліп, теңгенің құнсызданып кеткен тұсында халықтың жинақтаған ақшасы да қоса құнсызданып жатыр. Ендеше халықтың адал еңбекпен тапқан қаржысының құнсызданбауы үшін бұл арада жаңалықтар енгізу керек», - дейді экономист-сарапшы.
Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, қазір нарықты әбден зерттеп біліп алған халық қаржы жинамайды. Олар құнды қағаз жинайды. Бұл ретте маман АҚШ пен Қытай халқын мысал етіп отыр.
«АҚШ халқы Қытайдың тұрғындары қаржы жинамайды. Себебі олар әлемдік экономиканың қыр-сырын жақсы түсініп алған. Сондай-ақ ол елдерде қарапайым халықтың қаржысын түрлі әдіспен сақтауға мүмкіндіктер көп. Бұл ердерде қарапайым халық құнды қағаздар нарығына емін-еркін кіре алады. Бұл жағынан олар әбден сауатты. Алтын құймаларды да сатып алуға мүмкіндік бар. Қор биржасы жөнінде де сауаттары мол. Ал бізде қолында қаржысы бар халық тек депозиттер нарығын ғана біледі. Көрген-білгені банк. Бірден ойланбастан банкке барып депозит ашырады да қаржысын сонда салады. Ал ол депозиттердің артынша келесі біреуге қымбат пайызға несиеге берілетінін халық біле бермейді. Бізде теңгедей депозиттің жылдық сыйақысы теңгемен 10 пайыз болса, несиенің үстемесі 24-28 пайыз. Ал айырмашылық бар ма бар?! Осыдан-ақ Қазақстандағы депозиттің халыққа тиімсіз екенін аңғаруға болады емес пе? Сақтап көбейтіп бер деп банкке салсаң пайызы аз. Несие алсаң пайыз көп. Қазір біздегі банктер депозиттердегі қаржыны осылай үстемені орынсыз қосып несиеге беру арқылы пайда тауып отыр. Мұны ашып айту керек. Сондықтан банктер халықтың жайын ойласа депозиттердің үстеме салығын көтеру керек», - дейді ғалым Жаңабай Алдабергенов.
Жалпы, мамандардың байыптауынша, қор жинап қою, депозит ашуға акционерлікке бейімделу сіздің бай не кедей болуыңызға қарамайды. Бүгінгі заман ағымы, уақыт тынысы қазақ баласына «қаржы қауіпсіздігі» деген терминді тереңірек зерттеуді талап етеді. Сіз осы тұрғыдан жассыз ба, әлде қарттықтың ауылына дендеп ендіңіз бе, оған қарамауыңыз керек. Ең бастысы, қалтаңыз қаржыдан бос тұрмасын. Ендеше қаржы жинауға қатысты заңдылықтарды білу қаржылық сауатымызды аша түседі. Мұны үнемі жадымызда ұстауға айтуға тиіспіз...
Дереккөз: Adyrna.kz.