$ 494.87  520.65  4.91

Шымкентте бір топ әйел ғимараттан шығудан бас тартып, әкімдікте түнеп шықты

Әйелдер таңертеңнен қала әкімі Ерлан Айтахановтың қабылдауына кіреміз деп, кіре алмай қалды.
Фото: ҚазАқпарат
Фото: ҚазАқпарат

Шымкент әкімдігінің ашық есік шарасы қала басшысының нағыз бас ауруына айналды. Күні бойы әкімнің қабылдауында боламыз деп үміттенген бір топ әйел Ерлан Айтахановтың алдына кіре алмай пұшайман болды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Күн ұзаққа текке отырғанына ызаланған 20 шақты әйел ғимараттан шығудан бас тартып, әкімдік ішінде қонып шыққан. Баспана мәселесімен келіп, тәулік бойы есік күзеткендердің жанайқайын Бек Әбиев тыңдап келді.

Әйелдер таңертеңнен қала әкімі Ерлан Айтахановтың қабылдауына кіреміз деп, кіре алмай қалды. Ашық есік шарасын ұйымдастырған әкімдікке адам көп келіп, 30-дан аса адам кіріп үлгермепті. Басым көпшілігі – баспана мәселесімен келгендер. Пәтер жалдап тұратын олар жағдайы жоқ екенін айтып мемлекеттен үй сұрауға дәмелі болған. 

Гүлнәз Маханова, көп балалы ана: 

- 1 қаңтарға дейін тұрып жатқан пәтерімді босатуым керек. Менің қасымда үй бар, ЖКХ алып қойған, үкіметтің үйі  де бос тұр. Соны сұрауға келгем. Таңғы тоғызда келгенмін, үйде мүгедек балаларым қалды. Жаңа 10ға жақын әкім қабылдаймыз деп, қабылдамай, шығып кетті. Сонда біз кімбіз? 

Мәселесін шешіп тастамаса да, тыңдауға басшы түгілі қосшы шықпаған соң, 20 шақты әйел кетпеуге бекінді. Әкімдік қызметкерлері мен полицейлердің ғимаратты босату туралы өтінішіне құлақ аспақ түгілі, ашуға булыққан олар кіреберістегі диван-креслоларды жатуға ыңғайлап, әкім қабылдағанша «орнымыздан қозғалмаймыз» деп шарт қойды. Тіпті әкімнің қарамай да кетіп қалғанына ызаланған кейбіреуі айғайға басты. 

Шымкенттің бас ғимаратындағы жағдай шиеленіскен сайын полицейлер көбейіп, тіпті жарықты да сөндіріп тастады. Әрекетінен түк шықпаған соң, түнделетіп талап еткен Ерлан Айтахановтың орнына орынбасары келді. Әбден ашуланған әйелдерге басу айтып, тіпті үйіне барып қиын жағдайын да көретін болды. Ал, баспана мәселесін «келесі жылы шешеміз» деп уәдені үйіп-төкті. 

Бұхарбай Парманов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: 

- Биыл  үй кезегін беретін үйлеріміз жоқ. Дегенмен де 2020 жылға көпбалалы аналарға салынып жатқан үйлер өте көп. Ендігі жылда тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бүгін енді кезегіне қарап, кезегі келген азаматтарға үйін береміз, көпбалалы аналарға. Әйелдердің беталысынан ықты ма, бос уақыты пайда болды ма, әйтеуір Ерлан Айтаханов оларды тәулік өткен соң ғана қабылдады. Бірақ тілшілерді кіргізген жоқ. Әкім қабылдауында болған әйелдердің айтуынша, кезегі  келгенше пәтерақыны көтеретін демеуші іздеп көрмек екен. Ал оған дейін көп балалы аналарға азық-түлік, көмір мен отынына қол ұшын беретін болыпты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары