Білім және ғылым министрі даладағы әжетханаларға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгін балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствааралық комиссияның отырысында Асхат Аймағамбетов білім беру мекемелеріндегі дәретханаларға қойылатын талаптарды қайта қарау қажеттігін айтты. Қазір елімізде 2 352 мектептің әжетханасы далада орналасқан екен. Басым бөлігі Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында.
Естеріңізге салайық, өткен жұма күні Таразда оқушы қыз зорланған еді. Ол даладағы әжетханадан шыққанда 38 жастағы күдікті тап беріп, жәбір көрсеткен. Қаскөй екі сағаттан кейін қолға түсіп, қамауға алынды. Ол бұған дейін ұрлық үшін сотталған екен. Мемлекет басшысы осы жағдайдан кейін Тараз қаласының әкімін жұмыстан босатып, өңір басшысына ескерту жасады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:
– Қайғылы оқиғанын қашан болатынын күтудің қажеті жоқ. Біз білім беру мекемелеріне қойылатын талаптарды қайта қарауымыз керек. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық ережелер мен нормалар бойынша сауал жолдау қажет. Бұл ведомство даладағы әжетханаларға тыйым салуды тиісті құжаттарға бекітуі тиіс.