26.11.2019, 15:30

«Біз шу шыққаннан кейін ғана жұмыс жүргіземіз» - Бердібек Сапарбаев

фото: Еxpress-k.kz
Премьер-министрдің орынбасары өз сөзінде әрбір әкімдіктер сол картаның орындалуын қарап, тиісті шараларды қолдану керектігін атап өтті.

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев жалақының уақтылы берілуін, жұмыс орындарында негізсіз қысқартудың алдын алу үшін еңбек тәуекелдері жөніндегі карта жасалғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.    «Қаралып отырған мәселенің маңызын ескере келе 23 қарашада үшжақты комиссияның отырысы өтті. Сонда осы мәселелердің (еңбек қатынастары, еңбек даулары) барлығы жан-жақты қаралды. Бұған қосымша өңірлерде арнайы мәжілістерді өткіздік. Президент Әкімшілігі жетекшісінің, барлық әкімдердің қатысуымен де жиын болған кезде барлық өңір басшыларына өтінішімізді айттық. Үкімет басшысынан сұрайтынымыз – әкімдерге тапсырма берсеңіз... Ең басты мәселе – еңбек дауларының алдын алу керек. Біз негізінен көп жағдайда шу шыққаннан кейін ғана жұмыс жүргіземіз. 

Сондықтан, жалақының уақтылы берілуін, жұмыстар негізсіз қысқарудың болмауын алдын алу үшін еңбек тәуекелдері жөніндегі картаны жасаған болатынбыз», - деді Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысында. Премьер-министрдің орынбасары өз сөзінде әрбір әкімдіктер сол картаның орындалуын қарап, тиісті шараларды қолдану керектігін атап өтті. «Екіншіден, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек келісімшарттарына дер кезінде қол қойылса ешқандай мәселе туындамайды. Жылдың аяғы келе жатыр. Сұрайтынымыз: осы мәселеге талдау жүргізіп, келісімшарттар бойынша орындалмаған жағдайлармен айналысу керек. Жалпы, кәсіподақтардың рөлін арттырған жөн», - деді Бердібек Сапарбаев. Еске сала кетсек, Үкімет басшысы жалақы бермеуді жұмыс беруші үшін тиімсіз болатындай етіп заңнама нормаларын күшейтуді тапсырды.