$ 494.87  520.65  4.91

Түркістандықтар жылусыз отыр

Бұл олқылықтың қашан ретке келетінін әзірге ешкім нақты айта алмайды.
Фото: 24.kz
Фото: 24.kz

Түркістанда жылу құбырынан шыққан ақауға байланысты тұтас бір мөлтек аудан жылусыз қалды. Көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанда мектептер мен балабақшалардың да іші азынап тұр, деп жазады "Хабар24" телеарнасы.

Бұл олқылықтың қашан ретке келетінін әзірге ешкім нақты айта алмайды. Белгілісі, жылу жүйесіндегі келеңсіздік үшін төрт қызметкер жұмысымен қоштасса, біреуі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.  

Қара суыққа қақталып, жылуға жарымағандардың бірі Әбдірайымовтар отбасы. Бұл пәтерде екі қарт кісі мен жас балалар бар. Жарытып жылу бермегендіктен түнімен тоңып, дірдектеп шықтық дейді отағасы. Жаурағаны соншалық балалар үйде сырт киіммен жүр. 

Әбдуәлі Әбдрайымов, қала тұрғыны: 

- Жылу мәз емес. Күндіз сәл береді, кешке қарай өшіріп тастайды. Әйелдер кешегі әкімшілікке барған. Істейміз деген істеген жоқ қой. Енді осы ғой киіммен жүреміз. Киіммен жатамыз. Бүткіл домда жылу жоқ. Жылу тек көпқабатты үйлерде ғана емес, қаладағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған барлық әлеуметтік нысандарда да жоқ. 

Шахиста Патшаханова, қалалық білім бөлімінің бас инженері: 

- Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған С.Сейфуллин және 17 мектептерімізде шамалы қазір төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Ол 16-17 градусты көрсетіп тұр. Қала бойынша ақау болған соң кешегі күннен бастап төмен градус көрсетіп тұр.  

Шаһардағы 2300-ден астам бала білім алып жатқан Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясына да арнайы бардық. Мұнда да сабақ бөлмелері азынап тұр. Мұғалімдер жылудың мардымсыз екендігін айтып шағымданды. 

Білім ошағы жылу болмағасын екінші ауысымның сабақ кестесіне өзгеріс енгізген. Мұнда оқушылар 30 минуттан оқып жатыр. 

Рахила Үрімова, Ататүрік  атындағы №17 мектеп-гимназиясының директоры: 

- Мынау 6-7-8 сабақтарды әсіресе түстен кейінгі сабақтарды 30 минуттан қоюға шешім шығардық. Себебі кешкісін күн райының суып кетуіне байланысты балалар жаурап қалмасын деп осы мәселені шешіп отырмыз. Бастауыш сыныптың ұстаздарына қосымша тоқ көздерін қосуға рұқсат бердік.  

Жылудың жырын айтып, жылу орталығына бардық. Ондағы мамандар жер астындағы құбырдан ақау шыққанын айтып ақталды. Бүгінге дейін  бірнеше жарықты бітеген. Қалған ақауларды іздеп жатырмыз деді. Оны қала әкімі де өз бақылауына алғанын айтты. 

Рашид Аюпов, қала әкімі: 

- 2-3 тәулік бойы қызметкерлеріміз күні-түні іздеп бүгінгі күні тауып отыр. Қазір жайлап орнына келтіру жұмыстары атқарылуда. Мен өзім қарап отырмын. Жылу үйіне жетпеген күндерге жылу орталығы жеңілдік көрсететін болады. Біз осы аптаның ішінде толық қалпына келтіреміз.    

Жандос Жұмабек, тілші: 

- Қазір бүлінген жылу құбырын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы іске қатысты қызметтік тексеру де басталған көрінеді. Егер жауаптылардың кінәсі дәлелденсе, өз жазасын алады. Бірақ көк түтінге тұншығып, суыққа тоңып, діректеп отырған Түркістандықтар үшін қазір біреудің жазаланғаны емес - жылудың тезірек берілгені маңызды болып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары