$ 443.44  480.51  4.88

Красный ярдағы 3 айлық сәбидің өліміне кім кінәлі?

Аяқ астынан сәбиінің өліміне аңырап жылап отырған ана.

Көпбалалы отбасында қайғылы жағдай. Көкшетау қаласы іргесіндегі Красный яр кентінде үш айлық сәби аяқ астынан шетінеп кетті. Альбина – Сейтеновтер отбасындағы бесінші сәби болатын. Бұған дейін баланың кеудесінде сырыл бар екенін айтып, педиатрға бірнеше рет барған анасы бөбегінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Жергілікті медицина мекемесіндегілер бар кінәні ата-ананың өзіне артып отыр, деп КТК телеарнасы.

Аяқ астынан  сәбиінің өліміне аңырап жылап отырған ана. 

Елена Сейтенова жас педиатр әу бастан сәбиге дұрыс диагноз қоймады, теріс емдеді деп отыр. Өйткені кеудесінде сырылы барын байқаған ол бірнеше рет осы дәрігерге шағымданып келген. Дәрігер сәбидің жүрегін тексертіп, кеудесіне жақпа май жағуына кеңес берген. Ақыры жағдайы ауырлаған бала облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, жан сақтау бөлімшесінде шетінеп кетті.  

Елена Сейтенова, Красный Яр кентінің тұрғыны: 

- Ауруханаға келгенде бір өкпесі жұмыс істемепті. Сәби сүтке шашалғанда өкпесіне сүт кеткен. Мен педиатрға осыны айттым ғой. Емшек емгеннен кейін жиі құсады, анализ тапсырсақ қайтеді дедім. Кеудесінде сырыл бар дедім. «Доктор мом» жоқ деді. Өкпесі қабынған ондай болмайды. Менің 5ші балам, білемін ғой. 

Анасының айтуынша, сәбидің халі бірден нашарлап, жедел жәрдем шақырғанда да дене қызуы болмаған. Салқын тиіп өкпесі қабынды дегені қате, баламның өліміне тек сол дәрігерлер кінәлі, - дейді Елена Сейтенова. Жергілікті аурухана басшылары өзіне шаң жуытпай отыр.

Балқия Уаисова, «Бастапқы медициналық – санитариялық көмек көрсету орталығының бас дәрігері: 

- Анасы сәбиімен келген. Дәрігер тексеріп, диагнозын қойған. Келесі күні медбике үйіне  барғанда далада кездестіріпті. 

Сәбимен қонаққа бара жатыпты. Енді дәрігерді кінәлап отыр. Қазір тексеріс аяқталсын, сараптама дайын болсын. Содан кейін ғана нақтысын айтамыз. Сәбидің өліміне дәрігерлер салғырттығы себеп пе, әлде ата-анасының жауапсыздығы ма, ол сот-медициналық сараптамасынан кейін белгілі болады. Қазір арнайы комссия құрылып, медицина мамандары қолданған ем-дом тәсілдері де кешенді тексеріліп жатыр. Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сәбиді алғашқы күннен қадағалауында ұстауға тиіс болған бала дәрігері де уақытша демалысқа кетіпті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#сәби өлімі