27.11.2019, 09:45

Бішкектің қақ ортасында Тоқаевтың суреті ілулі тұр

Билборд қаладағы Шыңғыс Айтматов орталық даңғылында тұр. Ол Тоқаев Қырғызстан президенті резиденциясына баратын жолда автокөліктен көре алуы үшін сол бағытта ілінген.

Бішкектің орталық көшелерінің біріне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен қырғыз президенті Сооронбай Жээнбековтің суреті және "Қырғызстанға қош келдіңіз!" деген жазуы бар билборд ілінді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Билборд қаладағы Шыңғыс Айтматов орталық даңғылында тұр. Ол Тоқаев Қырғызстан президенті резиденциясына баратын жолда автокөліктен көре алуы үшін сол бағытта ілінген. Суретте екі мемлекет басшылары қол алысып тұр.

Ал қаланың басқа қиылыстарында Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің тулары бейнеленген билбордтар ілінді. Олардың ішінде Қазақстан да бар.

Дегенмен, қалада Владимир Путин, Александр Лукашенко, Эмомали Рахмон сынды басқа президенттер мен премьер-министр Никол Пашиняннің суреті бар баннерлер байқалмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қырғызстанға мемлекеттік сапармен келетін болғандықтан, оған жеке билборд жасалған. Ал Путин, Лукашенко, Рахмон мен Пашинян ҰҚШҰ отырысына 28 қараша күні қатысады.

NUR.KZ журналисі де мемлекет басшысының сапарынан хабар тарату үшін Бішкек қаласына келіп жетті.

Айта кетейік, 25 қараша күні Бішкектің орталық алаңында бір жарым сағатқа созылған жаппай бейбіт митинг өтті. Наразылық акциялары Бішкектің орталығындағы Ала-Тоо алаңында болды. Оған шамамен 300 адам қатысты.