$ 494.87  520.65  4.91

Түркиялық студент «Құтты білік» кітабын қазақ тіліне аударды

Бұл кітап алғашқыда түрік тілінде жарық көріп, кейіннен түркі халықтарының тілдеріне аударылды.

Түркияның Анкара қаласында Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» шығармасының жазылғанына 950 жыл толуына орай балаларға арналған «Құтты білік» шығармасы қазақ тіліне аударылып басылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Кітап Түркияның астанасы Анкара қаласында жарық көргендіктен осы қалада оқып жатқан қазақстандықтарға, осында өмір сүретін қазақ отбасыларына және Қазақстаннан келген қонақтарға таратылып жатыр. 

Бұл кітап алғашқыда түрік тілінде жарық көріп, кейіннен түркі халықтарының тілдеріне аударылды. Қазіргі таңда аудармалар арасынан тек қазақ тіліндегі нұсқасы ғана басылып шықты. 

Кітаптың түрік тілінде осы шығарманы зерттеуші түркиялық ғалым Эркан Гөксу мен оқытушы Фатих Акман дайындады. Қазақ тіліне Гази университетінің докторанты Ержан Арғынбаев пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Айнұр Ахметова аударған. 

«Кітапты түрік немесе өзге де түркі тілдеріне жариялаудағы мақсат - біріншіден, Құтты біліктің жазылғанына 950 жыл толуымен байланысты. Ал екіншісі, Құтты білік жалпы түркі халықтарына ортақ шығарма және оның тәрбиелік мәні өте жоғары. Сол себепті мұны балаларға лайықтап шығару және жастардың өзіміздің бабаларымыздың шығармаларымен тәрбиеленуіне үлес қосу көзделді», - деді Гази университетінің докторанты Ержан Арғынбаев. 

Балаларға арналған «Құтты білік» кітабын «Үлкү Ожаклары» білім және мәдениет қоры түрік және түркі тілдерінде дайындатып, шығарды. Кітап түркі тілдерінен бөлек орыс, ағылшын, неміс және тағы басқа тілдерге де аударылып жатыр. 

Бұл жаңалықты естіген соң кітап туралы қызығушылық білдіріп Қазақстаннан да оқырмандар сұратып жатқан көрінеді. 

«Қазіргі таңда кітап жайлы естіп, сұраған адамдарға Анкарадан Қазақстанға баратын адамдар арқылы кітапты беріп жіберіп жатырмыз. Алайда, Қазақстанда таратылуы немесе сатылуы жайлы әлі нақты ешнәрсе айта алмаймыз. Егер кітаптың елімізге жеткізілуіне елшілік немесе басқа тараптардан қолдау көрсетілетін болса, кітаптың екінші басылымын шығарып Қазақстанға жіберуге болар еді», - деді Ержан Арғынбаев. 

Авторлардың айтуынша, «Құтты білік» кітабының түрік тіліндегі нұсқасының бірінші, екінші және үшінші басылымдары 10 000, ал төртінші басылымы 50 000 тиражбен шыққан болатын. Қазақ тіліндегі нұсқасы 1000 данамен шықты. Кітаптың таралуына және оқырмандардың сұранысына қарай алдағы уақытта екінші, үшінші басылымдары да жарыққа шығуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары