$ 494.87  520.65  4.91

Жеті әкім жеті түрлі жоба әзірледі

Алғаш сөз алған Ерлан Айтаханов бизнесмендерді білім, денсаулық сынды әлеуметтік салаға инвестиция құюға шақырды.

«Жеті әкім 7 түрлі жоба әзірледі. Әкімнің маман болуы шарт емес, орынбасарлары кәсіби білікті болуы аса қажет». Осы сынды кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған тың ұсыныстар қала әкімінің бизнесмендермен еркін форматта өткен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алғаш сөз алған Ерлан Айтаханов бизнесмендерді білім, денсаулық сынды әлеуметтік салаға инвестиция құюға шақырды.

«Барлық дамыған мемлекеттердегідей шағын және орта бизнесті қаланың локомотивіне айналдыруымыз қажет. Ол үшін барлығымыз бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек. Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, өздеріңізді аталған жобаларға атсалысуға шақырамын. Аталған салаларды дамыту еліміздегі әлеуметтік саламыздың мәселесін шешіп қана қоймай, экономикалық тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік-экономикалық дамытуға, инвестиция көлемін арттыруға, сонымен қатар, өзіміздің жергілікті кәсіпкерлердің әлеуеті арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге зор үлесін қосатын болады» - деді Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов.

Әкімдік тарапынан дайындалған тұрғын үй құрылысы мен өндіріс салаларын дамыту мақсатында жаңа жобалар таныстырылды. Оны мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жүзеге асыруға болатынын еске салды. Бұл орайда, кәсіпкерлер де өз ұсыныстарын айтты. Мәселен, қыс мезгілінде қаланың тазалайтын небәрі 4 қана мекеме бар. Ал, басқа компанияның техникалық базасы мықты болса да мемлекеттік сатып алуға әдейі қатыстырылмайды екен.

«Себебі, монополистер бәсекеге қабілетті болмағандықтан ондай ортаға жібермейді. Айналып келген де 4 қана мекеме бөліп алып отырады. Ал, оны әкімдік реттеп отыруы тиіс. Қаланы 7 әкім басқарса, 7 жоба дайындалады. Мәслихат шешімді бұзуға дайын тұрады. Әкім маман болуы шарт емес, ал орынбасарлары кәсіби тұрғыда мықты болуы керек» - деді жеке кәсіпкер Болатбек Әлиев.

Шымкентте өндіріс пен инфрақұрылым дамып келеді. Бүгінде 500-ден аса ірі және орта кәсіпорындар мен 68 мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бұл үлкен нарық. Оған қоса көне шаһардың кәсіпкерлік потенциалы жоғары. Осы ретте қала әкімі жергілікті іскер азаматтарды қоғамдағы сұранысы жоғары жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары