20.11.2019, 18:56

Ескі гүлзар 100 күнде жаңа кейіпке енді

Аталған жұмыстарға қала бюджетінен 49 млн теңге бөлінген.

Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойында орналасқан гүлзар қайта абаттандырылып, ондағы субұрқақ пайдалануға берілді. Гүлзардың ашылу салтанатына Ерлан Айтаханов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Шаһар басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Шымкент – қайырымды қала! Қаламыз күн санап көркейіп, кемелденіп келеді. Республикалық мәртебе иеленген шаһардың тазалығы, тұрғындардың әл-ауқаты, сапалы өмір сүруі басты назарда. Қала орталығын, шағынаудандар мен шалғайдағы елдімекендердегі қараусыз қалған, бос жатқан жерлерді абаттандырып, демалыс орындарының санын көбейтеміз. Алдағы уақытта осындай 10 жоба іске асады», - деді Ерлан Қуанышұлы.

Аталған жұмыстарға қала бюджетінен 49 млн теңге бөлінген. Мердігерлер гүлзардағы 2500 шаршы метрден астам жерді көгалдандырып, 1400 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолын төсеген. Қосымша орындықтар, жарық шамдар қойылған.

«Аталған субұрқақ Шымқаланың келбетін ажарландыра түсумен бірге, тұрғындардың демалып, серуендейтін ыңғайлы орнына айналады. Демалыс орнының негізі 2004 жылы қаланған. Қала әкімі Ерлан Айтахановтың тапсырмасы нәтижесінде бұл орын арада 15 жыл өткенде қайта жаңғырды. Абаттандыру ісі 100 күнде жүзеге асты», - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Б.Парманов. Жаңа гүлзар қонақтар отырғызған ағашпен көрікті кейіпке енді.

Тегтер: Гүлзар