28.11.2019, 11:30

«Шетелдегі қалталы қандастарымыз өздерінің Отанына көмектесу керек» – Бердібек Сапарбаев

фото: Forbes.kz
Сіздер баспасөзден жақсы білесіздер: армяндар мен еврейлердің Арменияға, Израильге қалай көмек жатқаны белгілі.

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев елімізде қандастарды қолдау мақсатында қандай шаралар қабылданып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұрлы көш» бағдарламасының арқасында елімізде сырттан келген қандастарымызға арналған елді мекендер пайда болды. Мысалы, ШҚО-да 700 отбасылық «Шығыс», СҚО-да 400- үйлік «Бәйтерек», Ақмолада «Красный яр» ауылдары пайда болды. Ең үлкені – Шымкентте Өзбекстаннан көшіп келген қандастардың «Асар» ауылы. Ол жерге әу баста 5 мың адам көшіп келген еді. Жақында ғана біз барып көрдік –27 мың қандас тұрып жатыр екен», - деді Бердібек Сапарбаев елордада өтіп жатқан «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстелінде. Үкімет басшысының орынбасары елге келген қандастарды баспанамен, мектеппен, балабақшамен, медициналық көмекпен толығымен қамтамасыз етіліп жатқанын айтып берді. «Шетелдегі қандастарымыздың ішінде мықты қалталы азаматтарымыз, ғалымдар мен өнерпаздар бар. Олар өздерінің Отандарына көмектесу керек. Сіздер баспасөзден жақсы білесіздер: армяндар мен еврейлердің Арменияға, Израильге қалай көмек жатқаны белгілі. Бізде де солай болу керек. Қанша дегенмен Отанымыз бір – Қазақстан. Америкада тұрасың ба, Қытайда тұрасың ба – жүрегің Қазақстан деп соғу керек. Сондықтан біздің өтінішіміз – осы жағына да көңіл бөлсеңіздер», - деді ол.