Қоғамдық көлік қызметіне қойылатын талап күшеймек. Шымкентте жолаушы тасымалдаушы компаниялардың ісін арнайы құрылған жұмыс тобы бақылауды бастады. Олар 10 күн бұрын сала жұмысына жауаптылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ескерту берді. Бұдан былай тәртіпке бағынбағандарға аяушылық жоқ. Қала билігі тасымалдау талаптарын бұзған компанияларды бірден жұмыстан шеттетін болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жұмыс тобының құрамында әкімдік пен жолаушы тасымалы қауымдастық өкілдері, көліктік бақылау инспекциясы және жергілікті полиция мамандары бар. Комиисия мүшелері автобустарды жол үстінде тоқтатып, көлік компанияларының қызмет сапасы туралы жолаушылардың ой пікірін тыңдады.
Қала әкімі Ерлан Айтаханов ел пікірін ескеріп, көлік қызметін реттеуді қолға алып отыр. Құрылған комиссияның миссиясы да сол – автобустардың жұмысын жүйеге келтіру.
Миллиондар мегаполисінде 78 бағытта 1 161 көлік жолаушыларға қызмет көрсетеді. Олар күнделікті 500 мың тұрғынды тасымалдайды. Қордаланған мәселе көп. Шешімі біреу дейді қауымдастық төрағасы. Халыққа мінсіз қызмет етуге құлықсыз компанияларды жұмыстан шеттету керек. Ал, келер жылдан бастап, электронды билет жүйесі жүзеге асады. «Сонда, аялдамаларда айғайға басатын кондукторлардан да арыламыз» дейді салаға жауаптылар.