21.11.2019, 15:07

«Қайырымды қала – Шымкент: Береке басы – бірлік» форумы өтті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың баяндамасын қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева оқып берді.

Үшінші мегаполисте осы тақырыпта қоғамдық форум өтті. Алқалы басқосуды жазушы, журналист Мархабат Байғұт жүргізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстанның ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық универсиетінің профессоры Мырзагелді Кемел, академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Есен Омар секілді ел ағалары Шымкенттің қайырымды қала, мегаполис болуы жайлы тың ойларын ортаға салды.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың баяндамасын қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева оқып берді.

«Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып атқарған істер ұшан-теңіз. Әлі де шешімін күтетін қиындықтар мен күрделі түйіндер аз емес. Баршаңызға белгілі, Шымкент шаһары ТМД елдерінің мәдени астанасы болып бекітілді. «Шырайлы Шымкент: Береке басы – бірлік» форумының мақсаты белгілі, міндеттері айқын. Форум тұрақты жұмыс істейді. Қажетіне қарай, ұсыныстарға қарай жылына 3-4 рет басқосу ұйымдастырылады» деді Жанар Әлібекқызы.

Мегаполистің не екенін көптен зерттеп жүрген Мырзагелді Кемел ағамыз: «Астана қаласының мәртебесі туралы», «Алматы қаласының мәртебесі» туралы деген екі заң бар. «Шымкент қаласының мәртебесі туралы» Заңды қосып Парламентке ұсыныс жасадық» деді.

Ал Ғарифолла Есім Шымшаһарға, оның жастарына ерекше екпін қоя сөйледі. Шымкенттіктердің мәртебесін асыра сөйледі.

«Шымкент – баяғыдан мегаполис. Мұнда тұрғаныңызға мақтанып, қуану керек. Шымкент – дәстүр. Қазақ тілінде 80 пайыз сөйлейтін қала еш жерде жоқ. Сондықтан, шымкенттіктер, мақтана беріңіздер!» деді профессор.

Форум аясында қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Тегтер: форум