Қала прокурорының орынбасары Б.Мұхамеджан кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы М.Сейтжановпен бірлесіп Шымкент қаласының «Құқық қорғау қызметтері» орталығында кәсіпкерлерге арналған «Ашық есік күні» акциясын өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Іс-шараның басты мақсаты-кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге консультациялық-құқықтық көмек көрсету, бизнестің жүйелі проблемаларын анықтау және кәсіпкерлікті дамыту барысындағы жасанды әкімшілік кедергілерді жою.
Қабылдау барысында бірқатар өзекті мәселелер оның ішінде жер пайдалану және жер қойнауын пайдалануға байланысты, кәсіпкерлік нысандарын пайдалануға беру, газ саласындағы монополистердің талаптары, табиғи монополия субъектілерінің әрекеттері мен шешімдері, сондай-ақ мектеп асханаларын жалға алушылардың проблемалық мәселелері қаралды.
Жеке қабылдау нәтижелері бойынша бірқатар өтініштерді прокуратура және кәсіпкерлер палатасы бірлесіп қарау үшін қабылдады, ал жекелеген өтініш берушілерге олардың өтініштерін мәні бойынша қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіну ұсынылды.