Мегаполистің басты ерекшелігі – қаланың орталығы мен шетінде орналасқан тұрғын алаптардың жағдайы, қызметтерді пайдалану мүмкіндіктері бірдей болатынында. Шымкенттің еліміздегі үшінші мегаполис атанғанына жылдан аса уақыт өтті. Ал 2020 жылы қаламыз ТМД елдерінің мәдени астанасына айналмақ, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шымкент қаласындағы 13 саябақ, 18 гүлзар, 17 ескерткіш және 11 субұрқақ Әл-Фараби ауданына қарайды. Əл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте бірінші кезекте қолға алынуы тиіс жұмыстар өз деңгейінде орындалып жатқанын айтты.
"Сайрам, Қазығұрт, Төлеби аудандарынан қала аумағына енген «276 орам», «195 орам», «Текесу» тұрғын алабының бүгінгі жағдайы жақсарып қалды. Өткен жылы ғана Әл-Фараби ауданына қарасты осы аймақтарда таза ауыз су және сапалы электр жарығы өзекті еді. Қазір 276 орамдағы 150 жеке тұрғын үйге демеушілер есебінен сапалы электр жарығы тартылды. Текесу тұрғын алабына да таза ауыз су жеткізуді демеушілер есебінен ұйымдастырдық. Ал Бадам елдімекеніне қарасты «195 орамға» сапалы электр жарығын тарту үшін бюджеттен 253 млн теңге бөлінді. Қазір жарықтандыру жүйелері мен электр бағандары орнатылуда", – дейді Əл-Фараби ауданының əкімі.
Ғ.Мəуленқұловтың айтуынша, Төле би көшесінің бойындағы аяқ жолды Қырғы базар аумағына дейін абаттандыру жұмыстарына байланысты қазір сол көшелердің бойы қоршалып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Абаттандыру жұмыстары Тəуелсіздік күні мерекесіне дейін аяқталмақ.
Шымкент қаласы республикалық маңызға ие үшінші мегаполис атанғанымен мұнда әлі де жерді өз бетінше иеленетін, ретсіз саудамен айналысатын және мүгедектердің құқығын ескермейтін тұрғындар табылады. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында бір ғана Əл-Фараби ауданында өз бетінше иеленген 247 жер телімі анықталған. Зерделеу, түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде, қазір оның 24-і заңдастырылып, тағы 6 үйдің құжаты жер комиссиясына ұсынылған. Ал рейдтік іс-шара өткізу барысында 50 жекеменшік нысанға мүгедектердің құқығын шектегені үшін 4,7 млн теңге айыппұл салған. Сондай-ақ, ретсіз сауда жасаған тағы 439 тұлға 338 919 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.
Десек те, мәдени астағана келген қонақ ең әуелі қала көркіне көз тастайды. Күндіз-түні көшелерден көлігі, демалыс орындарынан адамы үзілмейтін орталық ауданда тазалық жұмыстары мен шаһар сәулеті де маңызды.
"Аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарымен 5 мердігер мекеме айналысады", – дейді Ғ.Мәуленқұлов.
Мердігерлер тұрғындармен келісім шарт негізінде көпқабатты тұрғын үй аулаларын аптасына 3 рет, жеке сектор аумағын аптасына 2 рет тазалайды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 32 рет сенбілік өтіп, оған 45 мыңнан аса азамат, белсенді қала тұрғындары қатысқан.
Шаһар сәулетін еске алсақ, әуелі ескі ғимараттар еске түседі. Ғабит Патшаханұлының айтуынша, Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты 672 үйдің 40%-ы ескірген. Қазіргі таңда 1935-1940 жылдары аралығында салынған 11 тұрғын үй бар. Көпқабатты үйлердің 128-і 1941-1960 жылдар аралығында, 282-сі 1961-1980-ші, ал 251-і 1981-2000 жылдары салынған. Әзірге аудан аумағындағы ескірген 269 тұрғын үйдің 44-ін күрделі жөндеуден өткізу үшін жауапты басқармаға ұсыныс жолданған. Көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бері жалғасып келеді. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың 2011-2020 жылға дейінгі» бағдарламасына сәйкес, биыл аудандағы көпқабатты 5 үй күрделі жөндеуден өткен.