Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті өткелінің құрылысы желтоқсанда аяқталады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Аталған жерүсті көпірі «сақалды құрылысқа» айналғаны қашан. Мұнда жаяу жүргіншілер көп жүреді. Соның салдарынан көлік кептелісі жиі болып жатады. Бұл көпірдің құрылысы 2015 жылы басталып, 2017 жылдың сәуір айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, көпір жобасындағы өзгерістерге сәйкес, құрылыс жұмыстары басталғалы мұнда бірнеше мердігер компания ауысқан. Мұндағы шикілікті таяуда брифингте қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр да айтып өткен еді. Биыл жұмысты аяқтау үшін тағы бір компания мердігер деп танылып, оған қазынадан қомақты қаржы қаралды. Енді жаңа өткел тұрғындардың ары-бері өтуіне ыңғайлы болмақ.
Шымкент қалалық әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрхановтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда өткелдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазір онда тіреулер мен екі жақты байланыстыратын биік көпір орнатылды. Өткел биыл желтоқсан айының бас жағында ел игілігіне беріледі.