18.11.2019, 09:00

Шымкентте төл теңгеміздің 26 жылдығы тойланды

Салтанатты шараға арнайы келген қала әкімі Ерлан Айтаханов қаржыгерлерді өз атынан құттықтады.

Биыл төл теңгемізге 26 жыл толып отыр. Осыған орай, Шымкентте салтанатты мерекелік шара өтті. Оған қаламыздағы барлық қаржыгерлер қатысып, үздіктер марапатталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

1993 жылы ұлттық валютамыз қолданысқа енді. Елбасының жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл теңгеміздің туған күні ретінде тойланып келеді. 26 жыл ішінде қағаз ақшалар мен тиындарға  бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Мамандар теңгенің пайда болуы ел экономикасын дамытуға айрықша септігін тигізеді дейді.

Салтанатты шараға арнайы келген қала әкімі Ерлан Айтаханов қаржыгерлерді өз атынан құттықтады. Екінші деңгейлі банк өкілдері мен қаржы саласының қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады. Жауапты қызметте қажырлы еңбек еткен қаржыгерлер бір марқайып қалды.  

«Әрине сіздердің қажырлы еңбектеріңізбен қаржы саласы өркендеп дамуда. Алдағы уақытта да елімізді көркейтуге тер төге беріңіздер» деді әкім.

Айналымға енгеніне ширек ғасырдан асқан төл теңгеміздің әлемдік қаржы нарығында салмағы бар.

Қазақстан валютасының Тәуелсіз елдер арасында алар орны да ерекше. Бүгінде шетелдік сарапшылар төл теңгемізді  Орталық Азиядағы тұрақты валюталардың қатарына  қосып отыр.