Кувейт Ирандағы елшісін кері шақырып алды. 2 қаңтар күні Мешхедтегі Сауд Арабиясының елшілігі мен консулдығы шабуылға ұшыраған соң Кувейт осындай қадамға барып отыр. Бұл жайында кувейттік Kuna ақпарат агенттігі хабарлады.
Корольдіктің сыртқы істер министрлігіндегі дереккөзіне сүйенген агенттік, бұл шабуылдар «халықаралық конвенцияларды бұза отырып, Иран өз аумағындағы дипломатиялық өкілдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауда» деп мәлімдеді.
Саудиялық елшілік пен консулдықтардың қиратылуына 2 қаңтар күні вахабиттік корольдікте исламның шиит бағытын ұстанатын дінбасы Нимра әл-Нимраның басы шабылуы түрткі болды. Онымен қоса тағы 46 адам өлім жазасына кесілген болатын. Дінбасыға «ұлтаралық бірлікке іріткі салды» деген айып тағылған.
Нимра әл-Нимраның өліміне наразы болған шииттер тек Иран мен Бахрейнде ғана емес, Сауд корольдігі аумағында да ереуілге шығып, наразылық білдіріп жатыр.
Дінбасының өлімі мен ереуілдер дипломатиялық байланыстардың үзілуіне әкеп соғуда. Мәселен, Ирандағы елшілікке шабуыл кезінде елші мен дипломатиялық қызметкерлерге зардап келмесе де ресми Тегеранмен Судан, Бахрейн сияқты елдер байланыстарын тоқтатты. Біріккен Араб Әмірліктері диплмотиялық байланыстың дәрежесін төмендетті.
Сарапшылардың пікірінше, ислам әлемінде Иранмен дипломатиялық байланыстардың үзілуі жалғаса беруі мүмкін. Себебі, Сауд корольдігі Тегеранмен текетіреске өз жақтастарын жан-жақты тартуда.