Түркістан облысында «Қоғалы» ауылдық округін 28 жастағы әкім басқарып отыр. Тағайындалғанына бірнеше ай ғана болған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Төле би ауданындағы «Қоғалы» ауылдық округін Қайрат Қыпшақов есімді жас әкім басқарады. Бірақ ол өзін әкім емес, менеджер деп есептейді.
Бұған дейін ол Төле би аудандық әкімдігінде түрлі қызметте болған. Үлкен дайындықтан өткенін тілге тиек етті.
«Жас шенеуніктің кабинеті шағын, ешқандай қымбат кресло, теледидар, демалыс бөлмесі, тіпті хатшы деген атымен жоқ. Қыпшақовтың сөзінше, көбінесе ауыл ішінде болатындықтан, оған мұндай жайлылықтың қажеті жоқ», - дейді басылым.
Ол өз сұхбатында «аға-көкесі» жоқтығын, отбасында мемлекеттік қызметте еңбек ететін жалғыз өзі екенін алға тартты.
«…Менің бай әкем жоқ, менің қызығушылығымды қолпаштайтын тіреуішім де жоқ. Оның кімге керегі бар. Мен бәріне өзім қол жеткіздім, әкім креслосы – арманымның шегі емес. Мектептен соң бірден ЖОО-ға түстім, одан кейін жастар саясатынан өттім, сол кезде осы бағытта өсемін деп шештім», – деді Қайрат Қыпшақов.
Халық пен мемлекет арасындағы байланысты жақсартуға тырысып жүрмін деген жас әкім отандастарының сенімін ақтау үшін барын салатынын айтты.
«Мен өзімді жоғары категориялы шенеунік деп есептемеймін, мен халық пен мемлекет арасындағы байланысты жақсартуы тиіс қарапайым менеджермін. Мен қолайлы жағдай жасауым керек. Әзірге осыған тырысып жатырмын», – деді әкім.