Қыркүйек айының соңында Аян есімді астаналық ұстаз жанайқайын жеткізді. Ол гомосексуалист болғаны үшін аяусыз азапталып, зорланған. Тіпті әлеуметтік желілерден де шығып қалған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға кейіпкері ашық сұхбат кезінде өзінің атын жасырып қалғысы келді. Өйткені ол лесбиянка болатын. Университеттен қашқысы келген қыз таныс жігіттердің өзіне шабуыл жасағанын, елден кетуді жоспарлағанын, гей досының өзін-өзі өлтіруге барғанын баяндап берді.
«Мен өзімнің лесбиянка екенімді қалай түсінгенім туралы айту әбестік болар. Өйткені бұл тақырып бәріне жауыр болған. Әңгімемді былай бастайын: менің мектепте қыздарды ұнататынымды білетін жалғыз досым болды. Мектеп кезінде көптеген іс-шараларға ат салыстым, қосымша сабақтарға барып жүрдім. Қызығушылықтарым да көп болатын. Сол себепті махаббатқа бас қатыруға мүлде уақытым болмады, қызбен немес жігітпен болсын... Досыма да ашып айтпаған болатынмын. 11 сыныпта бір қызбен жүре бастадым, жасырын, әрине. Бірақ ол мені 2 жылдан соң, яғни 2 курстың басында тастап кетті.
Қызым тастап кеткеніне қайғырып, досыммен ащы суға лық тоюды жөн көрдік. Тіпті атымның кім екенін де ұмытатындай мас болып қалдым. Осы сәтті пайдаланып, жан досым деп жүрген жігіт мені құшақтап сүйе бастады. Жалаңаш қалған кезде ғана есімді жидым. Бірақ оны итермедім, тек өкіріп жыладым. Ол қорыққаннан бір орында қатып қалды. Ал мен сенетін адамым қалмағанына налып, жылауымды тоқтата алмадым. Тек үнсіз кетіп қалуды жөн санадым. 2 күн өткен соң жан досым деп санаған адамымнан көлемді хат алдым. Ол хатында мені бала кезінен жақсы көретінін мойындап, мені сүюді жылдар бойы армандағанын айтқан. Бірақ достық қарым-қатынасты бұзуға батылы бармаған екен.
Досымнан айрылған соң, өзімнің ерекше екенімді кәдімгідей сезіне бастадым. Бұрын барлығын досыммен бөлісіп жүрген менің сырласатын ешкімім қалмады. Бір күні қосымша арқылы бір қызбен таныстым. Ол мені кездесуге шақырды. Кездесу бекітілген жерде оны күттім, бірақ келмеді. Сүйтсем, бір университетте оқитын ұлдардың мазағына айналған екенмін.
Олар менің лесбиянка екенімді іштей сезіп, осылай тексеруді ұйғарыпты. Ал мен желідегі қызға өз өмірімнен сыр шерткен болатынмын. Үйге келгенде жын ұрғандағы айқайымнан анамды қорқытып алдым. Қатты жылап отырып, анама оқуды тастайтынымды айттым. Ол мені сабырға шақырды. Кейін сабырға келген соң, өзімнің лесбиянка екеінмді анама жайып салдым. Бірақ анам: "Ақымағым, уайымдама, бәрі жақсы болады. Құжаттарыңды алғың келсе, ала ғой. Мен сенің қыздарды ұнататыныңды бұрыннан сезетінмін", - деп, көңілімді орнына түсірді.
Осымен университет есігі мен үшін мәңгіге жабылды. Мені күлкіге айналдырған жігіттер менің сырымды ешкімге айтпаса да, кейін тағы да мазамды алды. 3 ай өткен соң, қызыммен біздің үйге бет алғанбыз. Ол кезде кездесіп жүргенімізге 2 айдан асты. Олар бізді қорлай бастады. "Қане, көзімізше сүйісіңдерші, қандай екенін көрейік", - деп күш көрсете бастады. Айтпақшы 3 жігіттің біреуі ауқатты отбасынан шыққан жігіт.
Олар бізді пәтерге сүйремек болған арам ойларын түсініп, қоқан-лоқы көрсете бастадым. Арты төбелеске ұласты. Бала кезімде спортпен шұғылданғанымның пайдасы тиді. Жігіттердің біреуі қашып кетті. Сол мезетте терезеден әжейдің даусы шықты. Ол полицияға шағымданатынын айтты.
Сүйіктім осы жағдайдан соң, ауруханаға түсті. Ал мен болған жайтты анама айтып бердім. Ол полицияға арыздануымды өтінді, бірақ мен қарсылық таныттым. Өйткені қызымның ата-анасы оның лесбиянка екенінен хабарсыз, ондайға түбегейлі қарсы адамдар. Оған қоса, біз қатты жарақат алмадық та. Анам қыспақтамай, менің шешімімді құптады.
Маған интернетте гомосексуалистер туралы теріс пікірлердің жүргені ұнамайды. Өйткені өзге жолды таңдағандарға жаным ашиды, әсіресе жігіттерге алаңдаймын. Лесбиянкаларға қоғам кешіріммен қарайды, олар қыз бен қыздың құшақтасуын "қыздардың еркелігі" деп қабылдайды. Ал бұл шынайы лесбиянкалардың намысына тиеді. Қоғам гейлерді жерден алып, жерге салып жатады. Бұл ең таңғаларлық және түсініксіз құбылыс. Менің ойымша, гейлерді қаралайтындардың көбі өзінің ішкі дүниесіне үңілуден қорқатындар деп түсінемін. Бірақ гомофобияның қайдан пайда болғанын түсіне алар емеспін. Адамдардың өзге бағытты ұстанғандарды ренжітуге құмарлығы артқанын байқасам, қаным басыма шабады.
Мен Шешенстандағы гейлерді азаптау туралы әңгімелерді оқығанда жүрегім аузыма тығылды.Неліктен адамдарда жеккөрушілік пен агрессия көп? Еркектерді жақсы көретін жігітті неге өлгенше жек көреді? Менен егер балаң гей болып шықса, не істер едің деп сұрасаңыз, әрине, қынжыламын. Бірақ оны қабылдай алмағандықтан емес, мен секілді қорқынышта өмір сүргенін қаламағандықтан. Сондықтан мен қазір Қазақстаннан кетуге дайындалып жатырмын. Бұл қадамға 5 жыл бойы дайындалдым, тілдерді меңгердім, маникюр, шаштараз және макияж жасауды үйрендім, бағдарламалау тілін және SMM, маркетинг және копирайтинг бойынша көптеген курстардан өттім. Тіпті фитнес жаттықтырушысы бола алатынымды растайтын сертификат алдым. Осының бәрі - өзге елде аштан өлмеудің қамы. IELTS-тан 8.0 бал жинап, испан тілі мен француз тілін еркін сөйлей алатындай деңгейге көтердім. Мен өзге елде тіпті пол жуушы боп жұмыс істеуге дайынмын, бастысы өміріме қауіп жоқтығын сезінсем болғаны.
Жақында менің гей досым өз-өзіне қол жұмсады. Оның достары көп болғанымен ол өзін үнемі жалғыз сезінетін. Оның отбасы дәстүрлі және консервативті болғандықтан оны қабылдамайтыны анық еді. Анасына өзі туралы еркін айтуды армандады. Бірақ батылы жетпеді. Сөйтіп 35 жасында өз өмірін қиды. Ортада ашық-жарқын, керемет адам болатын. Мүмкін ол қоғамның езінен, зәбір көруден шаршаған шығар. Бірақ мен әлемнің барлық аналары мен әкелерінің стереотиптен арылып, балаларын кез келген жағдайда қабылдағанын қалаймын. Егер үйде сені құшақтап, басу айтатын адамың болып, қиналғанда қол ұшын созатын жақынын барын сезінсең, бұл өмірде біз алмайтын қамал жоқ сияқты».