Жақында Павлодарда мектеп оқушыларының қатысуымен болған қанды оқиғаның видеосы Instagram-дағы unformatpvl қоғамдық парақшасында жарияланды. Кадрларда жеткіншектердің бірінің екіншісіне бірнеше рет пышақ сұққаны көрінеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Павлодар облыстық полиция департаменті видеода 15 жастағы мектеп оқушысының жансақтау бөліміне түсуімен аяқталған қанды оқиға бейнеленгенін растап отыр.
Бақылау камерасына түсіп қалған кадрларда оқиға орнында бір топ жігіттің жиналғанын көруге болады. Жанжал екеудің арасында болған көрінеді. Қалғандары бұлардың текетіресін бақылап тұр.
Айтарлықтай қырғын төбелес болмағаны байқалады. Жасөспірімдердің бірі пышақ шығарып, екіншісіне бірнеше соққы жұмсаған. Сосын жиналғандардың бір бөлігі қымбат автокөлікке отырып, кетіп қалады. Ал зардап шеккен жеткіншек еңкейіп барып, ғимараттың кіреберісіндегі баспалдаққа отырады. Жанында тұрғандар қолдарына телефон алып, шамамен жедел жәрдем шақырып жатқан көрінеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облыстық полиция департаментінің басшысы екі мектептің оқушылары жаға жыртысып қалғанын мәлімдеді, Олардың біреуі төбелес кезінде пышақ шығарған. Салдарынан 2004 жылы туған жасөспірім пышақ жарақатымен облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді