30.11.2019, 08:04

Аруаққа сеніп, сыйынуға бола ма?

Фото: Sputniknews.kz
Этнограф Меруерт Егізбаева қазақ халқы аруақты ерекше қадірлегенін атап өтті.

Ежелгі қазақ түсінігінде "ата-баба рухы қолдап, жебеп жүреді" деген сенім болған. Алайда қазақ даласына ислам діні келген соң, халықтың ұғым-нанымы мұсылмандық түсінікке алмасты. Sputnik Қазақстан тілшісі "Аруақ деген кім? Оған сенуге бола ма? Бұл мәселеге қатысты ислам діні не дейді?" деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Ғалымдар не дейді?

Ғалымдар аруақ дәстүрлі ортадағы көне наным-сенім бойынша байырғы ата-баба рухы кеңістік пен уақыттан тыс "кейінгі ұрпақты қолдап отырады" деген сенімнен туған анимизмнің айрықша түрі екенін айтады.

Этнограф Меруерт Егізбаева қазақ халқы аруақты ерекше қадірлегенін атап өтті.

"Наным-сенім бойынша, бұрынғы заманда о дүниелік болған адамдардың рухы осы өмірдегі жақын адамдарын қоршап, қорғап жүреді деген түсінік болған. Тіпті, жаугершілік заманда "Аруақ, аруақ" деп жауынгерлер жауға шапқан. Сондай-ақ бала көтере алмай жүрген әйелдер, науқастар аруақтың басына барып, түнеген", - дейді ғалым.

Оның айтуынша, көшпелі қоғамдағы хан-сұлтандар, би-батырлар, діндар, әулие-тақуалар, ақсақалдар сияқты ерекше құрмет пен беделге ие мәртебелі тұлғалардың өздері бақилық болса да, аруақтары артында қалған ұрпақтарын жебеп жүреді деген сенім болған.

Сонымен қатар басына ауыр күн туып, ата жұртынан ауа көшуге мәжбүр болғандар ата-бабалары жатқан бейіт басына аруақтың "көзі" – бір уыс топырақты орамалға түйіп ала кететін дәстүр болғаны белгілі. Бұл – "Аруақ қолдап жүрсін" деген тілекті білдіретін мистикалық-мифологиялық сенім.

Ал ант берісу, серттесу барысында уағдаластықтың бірден-бір кепілі аруақ болған. Сөз байласқандарды бейітке қаратып, бата оқып, аруақты кепілдікке шақырған. Ал бата бұзып, ант аттағандарды "Аруақ атсын, Құдай атсын" деп қарғаған. Осындай қарғыс алғаннан кейін ондай адам қырсыққа ұшырайды деп есептелінген.

Аруаққа қатысты тұрақты сөз тіркестері

Қазақы ортада аруаққа байланысты: аруағы басты (мерейі үстем болды, мысы жеңді), аруағы қозды (рухтанды, шабыттанды, күшейді), аруаққа шет болды (аруаққа күмән келтірді, ата-бабасының жолынан тайды, біреудің обалына қалды), аруағына сиынды (ата-баба рухына бас иді), аруақ аттады, аруақ сындырды (ата-баба рухын қорлады), аруақ сүйесін, аруақтар желеп-жебесін (жар болсын, қолдасын), аруақ қонды (ата-бабаларының біріндегі әулиелік, көріпкелдік қасиет балаларына дарыды), аруақ қолдады (жолы болды, бағы жанды), ата-бабасының аруағы атты көптеген фразеологизм қалыптасқан.  

Кейде аруақ өмірден өткен адамның бүгінгі "елесі", "жаны" деген мағынада да қолданылады. Марқұм болған адамның жақсы істері еске алынып, артынан құран бағышталып жатқан кезде "аруағы бір аунап түскен шығар", "аруағы бір сілкініп, қалған шығар", "аруағы риза болсын" деген сыңайдағы жақсы тілектер айтылады.

Бүкіл ру-қауым үшін қандай да бір маңызды әлеуметтік жағдайларға байланысты қиын-қыстау заман туғанда, аруақтардан медет тілеу дағдысы болған. Сондай-ақ науқас адамдарға ем-дом жүргізгенде бақсылар аруақтардың атын арнайы атап, айқайлап шақырып, жындармен байланысқа түскен. Аруақ тек жаугершілік заманда ғана емес, қазақы ортада жиі орын алған руаралық, тайпааралық қақтығыстарда да дем беретін ұранның да қызметін атқарған.  

Ғалымдардың пікірінше, дәстүрлі түсінік бойынша аруақтар пенделердің тілегін Аллаға жеткізе алатын бірден-бір құпия күш деп саналған.

Ислам және қазақ даласы 

Аруаққа сену түсінігінің ықпалы қазақ даласына ислам діні енген соң әлсірегенімен, бұл сенім халық жадында сақталып қалған. ҚМДБ насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, араб тілінде "рух" сөзінің көпше түрі "аруақ" деген сөзді білдіреді. Оның қазақша мағынасы "жан" деген сөзге саяды. Осы орайда ол Құрандағы аятты мысалға келтірді.

"Құран кәрімнің Әл-Исра сүресінің 85-аятында "О, Пайғамбар, олар (адамдар) сенен рух жайында сұрайды. Оларға былай деп айт: "Рух, Раббымның әмірінен, рух жайында сендерге өте аз мәлімет берілді" деген. Яғни осы аят арқылы біз "рух, аруақ" сөздеріне терең талдау жасай алмайтынымызды түсінеміз. Ол – Алланың әмірі", - дейді ол.

Сонымен қатар Батыржан Мансұров "аруаққа сыйыну, одан көмек сұрау" мәселесіне қатысты пікірін білдірді.

"Қазақта өлі разы болмай, тірі байымайды" деген сөз бар. Мұнда "өліні разы қылу" дегеніміз – аруақтарға, рухтарға, дұға жасау, олардың артынан қайырлы іс істеу. Аруаққа сену үлкен күнә. Яғни біз аруаққа сеніп, оған табынып, одан ешнәрсе сұрамауымыз керек. Біз Алладан сұрап, жалбарынуымыз қажет. Ал аруақтарға дұға жасауымыз шарт. Шариғат бойынша осы дұрыс болады", - дейді діни қызметкер.