Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымының есебінше, Ирандағы билікке қарсы наразылық кезінде мерт болғандардың саны 143 адамнан 161 адамға өскен,-деп хабарлайды Азаттық радиосы.
“Сенімді ақпарат көздерінен алған деректеріміз бойынша, Ирандағы наразылықтан кем дегенде 161 адам мерт болды” деп жазылған AI таратқан мәлімдемеде.
Лондонда орналасқан ұйым “наразылық кезінде қаза тапқандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін” дейді.
Қарашаның ортасында Иран билігі елде бензин бағасын көтерген соң жаппай наразылық басталған. Кейін халық билікке басқа да талаптар қойды. Тегеран елде интернетті бұғаттап, ұялы байланысты шектеді.
Иран билігі наразылыққа шыққандардың көбін Батыс елдерінен ақша алған деп айыптайды. Ресми Тегеран наразылық кезінде тек оннан астам адам мерт болды деп отыр.