02.12.2019, 20:32

Аралдағы апатқа ұшыраған көлікте 74 тәжік азаматы болған

Ресейден Тәжікстанға бет алған бұл азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Қызылорда облысында 74 шетелдік отырған автобус жүк көлігімен соқтығысты. Жол апаты Арал ауданының Сазды елді мекені тұсында болған. Алдын ала болжам бойынша «Neoplan» жолаушылар көлігінің жүргізушісі жылдамдықты шамадан тыс асырып, ара қашықтықты сақтамаған, деп хабарлайды "Хабар24". 

Сөйтіп, көктайғақ салдарынан «Daf» көлігінің артына соғылған. Әйтеуір жолаушылар аса зардап шекпеген. Ресейден Тәжікстанға бет алған бұл азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Аяғы сынған жүргізуші мен механик Арал аудандық ауруханасына жеткізілді. Қалған жолаушылар жол бойындағы қызмет көрсету бекеттеріне орналастырылған.  

Гүлжаһан Қайырбергенова, ОПД баспасөз қызметінің жетекшісі: 

- Жол-көлік оқиғасы орнында 13 полиция қызметкері, ТЖД 6 қызметкері, жедел жәрдем бригадасының 6 қызметкері, барлығы 7 бірлік автотехника жұмылдырылған. Қазіргі таңда полицейлер жолаушыларды жол жүру орындарына жіберу шараларын қабылдауда. Өз кезегінде жолдардағы төтенше жағдайларды болдырмау үшін Қызылорда облысының Полиция департаменті жылдамдық режимі мен ара қашықтықты сақтау қажеттігін ескертеді.