Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов қайтыс болған және елден кеткен адамдардың мүлкін иесіз деп тануды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Смайыловтың айтуынша, "Жылжымайтын мүлік тізімі" ақпараттық жүйесіндегі жылжымайтын мүлік бойынша өңделген 17,3 миллион мәліметтің 2,6 миллионы жаңартылып, ретке келтірілген.
"Бұл ретте, мынадай проблема анықталды. 843 мың жылжымайтын мүлік қайтыс болған немесе шетелге кеткен адамдардың атына тіркелген. Осыған байланысты, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қайтыс болған және Қазақстаннан тыс жерлерге кеткен адамдарға тиесілі мүлікті иесіз деп тану мәселесін пысықтау керек", - деді бірінші вице-премьер үкімет отырысында.
Ол салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі - мемлекеттік органдардың дерекқорларын жаңарту екенін атап өтті. Айтуынша, бұл жұмыс жыл басынан бері белсенді түрде жүргізілуде.
"25 миллионнан астам мәлімет өңделіп, 3,6 миллионнан аса қате мәлімет жаңартылды", - деді Смайылов.
Қаржы министрлігі келесі жылы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында мынадай іс-шараларды жоспарлап отыр:
- салық төлеушінің электронды әмиянын енгізу (2020 жылғы қаңтардан бастап);
- үш компонентті интеграцияланған жүйені енгізу;
- патентті қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін шектеу;
- Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пунктін қайта құруды аяқтау (2020 жылғы 2-тоқсан);
- Қытайдан алынатын займ бойынша 10 өткізу пунктін қайта құруды бастау (2020-2023 ж.ж.);
- ЕврАзЭС аясында тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесін енгізу;
- Қытаймен экспорттық декларациялардың мәліметтерімен толық алмасу.