Алматыда «Қазақ геологиясының Патшайымы» атты жиын өтті. Аталмыш іс-шара «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Бұл туралы Sn.kz хабарлайды.
Нақтылай айтсақ, Алматыда геология ғылымдарының докторы, көрнекті қоғам қайраткері Патшайым Тәжібаеваның 100 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми конференция басталды. Онда қоғам қайраткерлерінен бөлек, қазақтан шыққан тұңғыш геолог ғалымның әріптестері мен шәкірттері қатысты.
Жиында мерейтой иесі туралы ой-пікірлерін, оның ғылымға қосқан үлесі мен жетістіктерін, қоғамдық қызметтердегі атқарған істері жайында сыр шертілді. Тіпті, жазушы Сәбит Досанов «Патшайым Тәжібаева – геологияда революция жасаған адам», - деді.
«Патшайым Тәжібаеваға дейін жерасты байлығын тасты уатып, соған қарап білген. Ал, бұл кісі оған қанағаттанбай, Үкіметтен көмек алып, лаборатория ашып, геологияның литология деген саласын қалыптастырған», - деді ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досанов.
Одан өзге, ғылыми конференция барысында Патшайым Тәжібаева жайлы кітаптың да тұсауы кесілді. Онда ғалымның әріптестері мен шәкірттерінің, достарының Патшайым Тәжібаева туралы жазған пікірлері мен естеліктері, ғалымға арнаған өлең жырлары, естелік-эсселері топтастырылған.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін әлем мойындаған қазақтың ғалым қызына арналған екі кітап жарық көрген.
«Бұл кітаптың басқалардан өзгешелігі – мұнда түрлі авторлардың еңбектері топтастырылды. Және ол ғылым мен мәдениет саласындағылардың жазғаны ғана емес, сонымен қатар, анаммен сырлас дос, замандас болғандардың естеліктері де бар. Бұлай дейтініміз, Патшайым Тәжібаева өз заманында қанша жетістікке жетсе де адами қасиеттерді бірінші кезекке қойып, әділдіктің ақ туын биік ұстап өтті», - дейді Патшайым Тәжібаеваның қызы Құралай Аққошқарова.