14.11.2019, 12:24

«Рухани жаңғыру»: Кенжалин атындағы дәрісхан ашылды

Алғашқы құттықтау сөзді университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов айтып, биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің де, журналистика факультетінің де құрылғанына 85 жыл толып отырғанын атап өтті.

Алматыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде«Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасы» деп аталатын дәрісхана ашылды, деп хабарлайды Sn.kz.

Осы шараның салтанатты түрде тұсаукесері өтіп, оған ардақты азаматтың аяулы жары Әлима Әбдірахманқызы мен ұлдары, бір топ зиялы қауым өкілдері, журналистер, университет ұстаздары мен студенттер қатысты. Алдымен факультеттің 85 жылдығы мен тұлға өмірінен сыр шертетін фильм көрсетілді. Алқалы жиынды жүргізген журналистика факультетінің деканы, ғалым Сағатбек Медеубекұлы бұл оқу-зерттеу шеберханасында Жұмабек Кенжалиннің ғұмырнамалық тарихы, туған ауылы мен өскен өлкесі, білім алған мектебі, универсиет қабырғасында оқыған жылдары, баспасөз саласында еңбек еткен кезеңдері көрініс тапқанын атап өтті. Студенттер үшін сабақ өтуге қолайлы болып жабдықталған аудиторияда дәстүрлі газет-журналдармен қатар заманауи компьютерлер орнатылған.

Алғашқы құттықтау сөзді университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов айтып, биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің де, журналистика факультетінің де құрылғанына 85 жыл толып отырғанын атап өтті. 

– Бүгін біз үлкен тұлға, ұстаз, ғалым, қайраткер, өз кәсібінің ал­дыңғы қатарындағы бірегей маманы болған Жұмабек Кенжалинге арнайы аудитория ашып отырмыз. Өкінішке қарай, арамыздан ерте кетті. Көп жоспарлары бар еді. Соңғы кезде менімен кездесіп, ғылымға көбірек көңіл бөлсем, журналистика ғылымын дамытсам деген ой-пікірлерін білдіріп, соған дайындықта жүретін. Аудиторияны ашу арқылы ол кісінің аяулы есімін мәңгілік етуге мүмкіндік жасаймыз. Университет қаншалықты өмір сүрсе, бұл аудитория да соншалықты өмір сүре береді. Болашақта осы аудиторияда Жүкең сияқты небір мықты түлектер тәрбиеленіп шығатынына кәміл сенемін, – деді Ғалымқайыр Мұтанов.

Осы орайда, оқу орнының ректоры Ж. Омарұлына тәлім берген ардагер ұстаздарды «Алғыс хаттармен» марапаттады.