21.11.2019, 15:02

«Рухани жаңғыру»: Жұбанов мектебінің мерейтойы тойланды

Салтанатты шарада көрермен назарына «Жалынды жастар» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда Ахмет Жұбановтың «Би күйі», «Көктем» шығармалары, Б.Дәлденбаевтың «Өмір жыры» күй-поэмасы, А.Жайымның «Тайшық ханның қуаныш биі» және өзге де айшықты туындылар орындалды.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай атындағы Опера және балет театрында мектептің 55 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті. Кеште Алматы қаласы әкімі орынбасарының кеңесшісі Данияр Әлиев қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атынан ұстаздарға «Алғыс хаттар» тапсырды, деп хабарлайды Sn.kz.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізген Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуалиев мектепке еңбек сіңірген бірқатар мұғалімдерді Мәдениет министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапаттады. 

Салтанатты шарада көрермен назарына «Жалынды жастар» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда Ахмет Жұбановтың «Би күйі», «Көктем» шығармалары, Б.Дәлденбаевтың «Өмір жыры» күй-поэмасы, А.Жайымның «Тайшық ханның қуаныш биі» және өзге де айшықты туындылар орындалды. 

Айта кетейік, мерекелік кеште мектептің өз түлектері мен оқушылары, шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Асылбек Еңсепов, Нұрсұлтан Омарғазин, Ғаламат және Нұрәлі Бейсеқожа, Ақнұр Шәріпбаева, музыка мектебінің «Жез киік», «Қарлығаш», «Асыл мұра», «Ақжелең» ансамблдері және т.б. өнерпаздар көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.

«Ахмет Қуанұлы Жұбановтың бұл мектепті құрудағы бірден-бір мақсаты шалғай елді мекендердегі, орталыққа келіп оқуға мүмкіндігі жоқ қазақ балаларын өнерге, білімге тәрбиелеу, Еуропалық музыка мәдениетімен таныстыру, соларды үйрету болды. Қазақтың балалары домбыра мен қобызда ғана ойнап қоймай, сонымен қатар скрипка, фортепьяно, виолончель, флейта, габой және тағы да басқа әлемдік аспаптарды кәсіби дәрежеде меңгеруін қалады. Демек, бұл мектептің өмірге келуі – ғасырда бір болатын құбылыс. Өзі кеңестік саясаттың теперішін көріп жүрсе де, Ахаңның мұндай мектепті ашуы – үлкен ерлік іс болды,» дейді мектеп директоры Нұркен Әшіров.

Музыка мектебінде 490 оқушы білім алады екен. Олар 6 жастан бастап қабылданып, 12 жыл оқиды.