Алматыдағы Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Заңғарға көмек» атты қайырымдылық шарасы өтті. Аталмыш іс-шара қала әкімдігінің және қалалық қоғамдық ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл туралы Sn.kz. хабарлайды.
Ақ қан, лейкоз дертіне шалдыққан алматылық бес жасар Заңғар Мәуленұлының еміне қаржы жинау мақсатында өткізілген қайырымдылық кешіне Р.Рымбаева, М.Жүнісова, С.Медеуов, М.Базарбаев, Ж.Айжанова, Ж.Ысқақова, А.Керім¬бекова, Н.Серікбаева, Ж.Аупбаев және т.б. елімізге белгілі өнер иелері қатысып, қолдау білдірді.
Нұржан Жалауқызы, «Алматы» арнасының бас директоры:
– «Алматы» телеарнасының жаңа¬лықтар бөлімінде «Мерейлі мекен» айдары бар. Осы айдарды ашқалы бері мүмкіндіктері шектеулі азаматтар, ем-домға қажет көмек сұраған жандар және олардың ата-аналары көп хабарласады. Соның бір көрінісі – 5 жасар Заңғар Мәуленұлына көмек көрсетсеңіздер деп өтініш түсті.
Кішкентай бүлдіршін жөнінде сюжет көрсетілді. Сюжетте кішкентай Заңғардың Алматы қаласында емделгенін, өкінішке қарай, ол ем-домнан жазылып кетудің орнына ішкі органдарына зақым келгендігін білдік.
Қазір Оңтүстік Кореяда ота жасалуы қажет екен. Донорлыққа өзінің туған қарындасының органы сай келетіні белгілі болды. Қолымыздан келсе көмектесіп көрейік деген шешім шығарып, ақпараттық демеуші болдық. Қаржыны Заңғардың атына ашылған есепшотқа тікелей жіберуді құп көрдік.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ. Мұтанов өтінішімізге қолдау көрсетіп, Студенттер сарайын тегін берді. Заңғардың еміне сәл болса да, қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек көрсете алсақ біздің шын ниетпен, шын жүрекпен атқарған ісіміздің ақталғаны ғой деп ойлаймын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық кешіне арналған 1600 билеттің барлығы сатылған. Олар кеш барысында «Қайырымды жандар» еріктілер тобы көрерменге арналған жәшік қойып, жиналған қаражатқа үлес қосқанын атап өтіп, концертке қатысып, бүлдіршіннің өмірін сақтап қалуға атсалысқан ағайынға ризашылық білдірді. Әлде де кішкентай балапанымыздың үй іші мейірімді жандардың көмегіне зәру екенін еске салды.
Ауыр дертке шалдыққан алматылық бес жасар Заңғар Мәуленұлы бір жарым жыл бұрын арқасының ауырғанын айтып жиі шағымданған соң, ата-анасы дәрігерге қаратады. Ұзақ уақыт тексерістен соң ақ халатты абзал жандар лейкемия диагнозын қойып, Заңғар анасымен бірге Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орта-лығында сегіз ай ем қабылдайды. Көпке созылған химиятерапиядан соң жазылды деп үйге шыққанымен, араға үш ай салып, қайта ауыра бастаған. Жүру мүмкіндігі азайып, қайтадан жарты жылдай аталған орталықта ем қабылдаған. Бірақ нәтиже жоқ.
Керісінше, ағзасының өзге мүшелері химиятерапиядан зақымдалып, отбасы қолындағы бар дүние-мүлкін сатып, жиналған 70 мың доллар қаржымен Оңтүстік Кореяға аттанады. Сеулдегі Asan Medical Center-де емін жалғастырып, ол жақта бүлдіршіннің жілік майын трансплантациялау отасын шұғыл түрде жасау қажеттігіне тоқталды. Өзінің 4 жастағы туған қарындасымен ағза жасушалары жүз пайыз сәйкес келгендіктен, қарындасы донор болады деп шешеді.