Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында Елбасының «Рухани жаңғыру» жән «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері: жастарды патриоттық тәрбиелеудің ғылыми-теориялық және зерттеу мәтініндегі практикалық қырлары» атты жас тарихшы ғалымдардың VІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
Конференция жұмысына Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінің өкілдері, қазақстандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, білім беру ұйымдары, докторанттар мен магистранттар қатысты.
«Жас ғалымдардың халықаралық ғылыми – теориялық конференциясы осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Жыл сайын жас тарихшылардың саны артып келеді. Биылғы шара Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарына арналды. Конференцияға қатысушылар өздерінің ғылыми зерттеулерін ұсынды. Баяндамалардың ғылыми маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, қазіргі тарихи тұлғатанудың өзекті мәселелерін талқыладық»,- дейді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Малика Моряк.
Конференция материалдарының жинағы Қазақстанның, шетелдердің кітапханаларына, ЖОО, ғылыми-зерттеу институттарына таратылатын болады.
Іс-шара аясында «Е. Бекмаханов атындағы сыйлық» республикалық байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға ақшалай жүлделер табысталды.
Айта кетейік, конференцияның мақсаты – қазіргі заманғы тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, оның ішінде ғылыми зерттеулердің тұлғатану бағытын дамыту, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша нәтижелерін көпшілікке тарату, өскелең ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беру.