$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда «Көркемсөз оқу шеберлері» атты қалалық конкурс өтті

Конкурс жеңімпаздары арнайы дипломдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Көркемсөз оқу шеберлері» атты қалалық конкурс өтті. Шара Алматы қаласына қарасты Бостандық ауданы әкімдігінің аппаратында өтті. Бұл туралы Sn.kz. хабарлайды.

Аталмыш іс-шараны ұйымдастыруға Алматы қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы мұрындық болды. 

Конкурс жастар арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды табу және жан-жақты көтермелеу мақсатында ұйымдастырылған.

Сондай-ақ, көркем әдебиетті, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттау, қазақстандық рухани бірлікті нығайту және отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу, көпшіліктің қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту да ұйымдастырушылар мақсатының бір парасы болған.

«Көркемсөз оқу шеберлері» конкурсына көркемсөз оқу шеберлігін игерген 17-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Ал, кәсіби өнер саласының мамандары, осы саладағы оқу орындарының студенттері, сондай-ақ осы конкурстың өткен жылдардағы жеңімпаздары Конкурсқа жіберілмеген.

Алматы қаласы әкімдігі өткізген аталмыш байқауға қатысушылар қазақтың белгілі ақын, жазушы, драматургтерінің көркемдігі жоғары шығармаларын немесе шығарма үзінділерін мәйегін келтіре оқыды. 
Айта кетерлігі, шығармалар Қазақстан, туған жер, Тәуелсіздік, Астана, ел бірлігі, жастық шақ, тіл туралы тақырыптарды қамтыды. 

«Көркемсөз оқу шеберлері» атты қалалық конкурс үш номинация бойынша өтті. Олар: 
Прозалық шығарма оқу;
Поэзиялық шығарма оқу;
Драмалық шығарма оқу.

Конкурс жеңімпаздары арнайы дипломдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, Бас жүлде (200 000 теңге), I орын (150 000 теңге), II орын (100 000 теңге), III орын (70 000 теңге). Екі қатысушы арнайы номинация иегерлер атанды (35 000 теңге). Тағы екі қатысушы ынталандыру сыйлығын алды (30 000 теңге). 

Айта кетейік, аталмыш іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің  2017 жылғы 18 мамырдағы № 2/163 «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын жүзеге асыру мақсатында және Орталықтың 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары