Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ ханымы» халықаралық байқауының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды Sn.kz.
Республика сарайының сахнасында «Қазақ ханымы» байқауының жартылай финалынан өткен 25 ханым бақ сынады. Олар Қазақстанның барлық өңірлері мен Қытай, Қырғызстан және Моңғолия елдерінен келді. Финалға шыққандар өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ, халық әндерін нақышына келтіріп орындады, би биледі, музыкалық аспаптарда ойнады, театрландырылған көрініс қойды.
Сонымен, байқаудың қорытындысы бойынша 31 жастағы үш баланың анасы талдықорғандық Маржан Алтыбаева тәж бен 10 миллион теңге ақшалай сыйлықтың иегері атанды.
Бірінші орынды Баян Мұсаев еншілесе, екінші орын Жанар Қадыроваға, үшінші орын Гүлнар Жайыққа бұйырды. Олар байқау демеушілері дайындаған ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жанар Қадырова арнайы жүлдені онлайн дауыс беру арқылы жеңіп алды.
Қазылар алқасының құрамында Зейнеп Ахметова, Ырза Тұрсынзада, Секен Тұрысбеков, Клара Қабылғазина, Алма Аманжолова, Дариға Тұранқұлова, Ержан Айтқали, Бақытбек Смағұлов, Ләззат Сүлеймен сынды танымал тұлғалар болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыстың басты мақсаты - қазақтың ханымы атына лайық қазақ әйелін анықтау. Елінің де, ерінің де абыройы үшін барын салып жүрген қазақтың қарапайым, көп балалы әйелдерін насихаттау үшін қолға алынған жоба.
Жалпы, байқауға қатысуға әртүрлі жастағы 4 мыңға жуық әйел өтініш берген. Іріктеу кезеңінен 25 ханым өтті.