$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда ерекше көрме өтті

Көрме АҚШ пен Қазақстан арасын­дағы экономикалық, географиялық, тарихи һәм мәдени ұқсастықты қалың көпшілікке таныстыра отырып, қос елдің айнымас серіктес, бірлігі бекем әріптес екенін жеткізуді мақсат еткен.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қолдауымен «National Geographic Qazaqstan» журналы мен «Qazaq Geography» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Америка­ мен Қазақстан: сіз ойлағаннан да жақын» атты фотокөрме ашылды, деп хабарлайды Sn.kz.

Көрменің ашылуына АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулдығы БАҚ, білім және мәдениет бөлімі басшысының орынбасары Стефани Стравачи, «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов пен журналдың жарнама бөлімінің директоры әрі аталмыш көрменің жетекшісі Бибігүл Имомбаева, «Фотоөнер» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы және БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Көрме АҚШ пен Қазақстан арасын­дағы экономикалық, географиялық, тарихи һәм мәдени ұқсастықты қалың көпшілікке таныстыра отырып, қос елдің айнымас серіктес, бірлігі бекем әріптес екенін жеткізуді мақсат еткен.

«Бұл көрме арқылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ұқсастықтарды көрсет­кіміз келді. Мұндай көрмені ұйымдастыру – екі ел арасындағы байланысты дамыта түседі. Сондай-ақ көрме АҚШ табиғатын көру арқылы қазақстандықтардың турист ретінде саяхаттап қайтуына шабыттандырады деген ойдамын. Ең бастысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан кейін Қазақстанның Шымкент, Петропавл, т.б. қалаларына қойылады.

Одан кейін бұл көрме АҚШ-қа бару-бармау жағы әлі белгісіз. Дегенмен, біз тырысамыз, егер АҚШ-қа жетсек, өте қуанышты болар едік» дейді Стефани Стравачи.

Расымен, көрмеге қойылған картиналардан ұқсастық көруге болады. Мәселен, Қазақстанда Семей ядролық сынақ аймағы мен АҚШ-тағы Невада сынақ алаңы, қазақтың «Таңбалы тасындағы» петроглифтері мен америкалық петроглиф­тер, қазақтың асауды үйретуі мен америкалық родео, Алматының «Шарын шатқалы» мен «Гранд шатқалы» сияқты ұқсас жерлердің фотолары жинақталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандық және америка­лық фотографтарға арнайы нысандар тапсырылып, оны арнайы фотоға түсірткен.

Ең сәтті, ең ұқсас деген суреттер ­«Америка мен Қазақстан: сіз ойлағаннан да жақын» атты фотокөрмесіне қойылған. Аталмыш көрме «National Geographic Qazaqstan» журналы ұжымының идеясы.
Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы 2020 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Ұлттық музеймен бірлесіп «Алтын адам» көрмесін Америка Құрама Штаттарында өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге елшілік National Geographic ұйымымен де іскерлік қарым-қатынас орнатпақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары