11.01.2016, 03:49

Қырғыз-өзбек шекарасында оқ атылып, бір адам жараланды

Қырғыз-өзбек шекарасында орын алған қарулы қақтығыс салдарынан Қырғызстанның бір азаматы жараланды деп хабарлайды КирТАГ елдің шекара қызметіне сілтеме жасап.

«9 қаңтар күні Жалалабад облысындағы қырғыз-өзбек шекарасының белгіленбеген тұсында Өзбекстан Республикасының әскерилері мен Қырғызстанның тұрғындары арасында қақтығыс орын алып, оқ атылды» делінген қырғыз шекарашылары таратқан хабарламада.

Кейінірек белгілі болғандай, Қырғызстанның төрт азаматы шекараны бойлай өткен су құбырын ауыстырмақ болып, қазу жұмыстарын жүргізіпті. Оқиға орнына жетіп келген өзбек шекарашылары жұмысшылардың шекара маңынан кетуін талап еткен. Алайда, қырғыздар бұл сөзге құлақ аспай, ерегіс соңы оқ атумен аяқталып отыр. Салдарынан жұмыс істеп жатқан қырғыз азаматы ауыр жарақат алып, Өзбекстан аумағындағы ауруханаға жатқызылды.

Қалған үш жұмысшыны қырғыз шекарашылары өздерімен алып кеткен. Қазір елдің шекара қызметі ауруханада жатқан тұрғынды кері қайтару үшін келіссөздер жүргізіп жатыр.

Айта кету керек, қырғыз-өзбек шекарасында атылған оқтың дауысы жиі естіледі. Мәселен, былтыр қырғыздар Өзбекстанның екі азаматын атып өлтіріп, артынша кешірім сұраған.